Балалар толық және жарты күн болатын мектепке дейінгі шағын орталықтар қызметін ұйымдастырудың үлгілік ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2006 жылғы 7 шілдедегі № 372 бұйрығы
ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 15 шілдедегі № 275 бұйрығымен күші жойылды
БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Балалар толық және жарты күн болатын мектепке дейінгі шағын орталықтар қызметін ұйымдастырудың үлгілік ережесі бекітілсін.
2. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (С.Б.Есбосынова) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.
3. Облыстық, Астана, Алматы қалаларының білім департаменттері (басқармалары) осы бұйрықты барлық аудандық, қалалық білім бөлімдеріне, жалпы білім беретін мектептерге, мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдарға, ата-аналар қауымына жеткізсін.
4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры С.Б. Есбосыноваға жүктелсін.
«Келісілді»
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
2006 жылғы 10 шілде
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2006 жылғы 7 шілдедегі
№ 372 бұйрығына қосымша
Балалар толық және жарты күн болатын мектепке дейінгі
шағын орталықтар қызметін ұйымдастырудың
үлгілік ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Балалар толық және жарты күн болатын мектепке дейінгі шағын орталықтар қызметін ұйымдастырудың үлгілік ережесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 11 қарашадағы № 1180 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан балалар толық және жарты күн болатын мектепке дейінгі шағын орталықтар (бұдан әрі - мектепке дейінгі шағын орталықтар) қызметінің тәртібін айқындайды.