Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2006 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 1286 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоксандағы № 1354 Қаулысымен күші жойылды
Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз
директорлары қызметінің тиімділігін бағалау ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорлары қызметінің тиімділігін бағалау ережесі (бұдан әрі - Ереже) акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорлары (бұдан әрі - тәуелсіз директор) қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін жүзеге асыру және пайдалану тәртібін белгілейді.
2. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
атқарушы орган - акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
уәкілетті орган - өз құзыретінің шегінде республикалық меншік, жекешелендіру объектілерін басқару және экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі саласында іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалау жөніндегі қызметті ұйымдастыру
3. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалауды оның қызметінің қорытындылары бойынша құрамын атқарушы орган қалыптастыратын және бекітетін комиссия жыл сайын жүргізеді.
4. Комиссия алқалы орган болып табылады. Конкурстық комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс.
5. Комиссияның құрамына атқарушы органның бірінші басшысы немесе оның орынбасары, уәкілетті органның және тиісті акционерлік қоғамдардың директорлар кеңесінде ұсынылған өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері және/немесе тиісті акционерлік қоғамдар директорлары кеңесінің мүшелері міндетті түрде енгізіледі.
6. Комиссия төрағасы лауазымы бойынша атқарушы органның бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес тұлға болып табылады, ол оның қызметіне басшылық етеді, комиссия отырыстарында төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуы үшін жалпы бақылауды жүзеге асырады.
7. Лауазымы бойынша уәкілетті органның бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес уәкілетті органның өкілі конкурстық комиссия төрағасының орынбасары болып табылады.
8. Комиссияның күн тәртібін, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды және комиссия отырысының хаттамасын ресімдеуді комиссия мүшесі болып табылмайтын комиссия хатшысы жүзеге асырады.
9. Комиссия отырысы комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі болған жағдайда өткізіледі. Отырысқа қызметінің тиімділігін бағалауды комиссия жүргізетін тәуелсіз директор қатысады.
10. Комиссия төрағасы комиссия отырысын өткізу күнін белгілейді.
11. Хатшы комиссия отырысына қатысу үшін комиссия мүшелеріне, тәуелсіз директорға шақыру қағазын жібереді.
3. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асыру тәртібi
12. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалау:
акционердің тәуелсіз директордың алдына қойған міндеттеріне қол жеткізуі туралы тәуелсіз директордың жылдық есебін қарауын;
баллдық жүйе бойынша тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалау қорытындыларын шығаруын көздейді.
13. Тәуелсіз директордың жылдық есебі:
Қоғам Директорлары кеңесінің отырыстарына тәуелсіз директордың дайындаған мәселелері туралы, олардың іске асырылуы мен қол жеткізілген нәтижелері туралы мәліметтерді;
Қоғамның ағымдағы қызметіне тәуелсіз директор бастамаларының әсерлерін;
Қоғам қызметін жетілдіру жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстарды қамтиды.
14. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган жүргізетін Қоғамның мониторингі нәтижелері қаралады.
15. Қоғам есептері мен мониторингі нәтижелерін қарау нәтижелері бойынша комиссия тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін талқылауды жүргізеді.
16. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалау баллдық (осы ережеге қосымшаға сәйкес әрбір көрсеткіш бойынша 2 баллдан кем емес) жүйе бойынша жүзеге асырылады.
17. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігі мынадай тәртіппен баллдың жалпы санынан айқындалады:
8 - 6 балл - тәуелсіз директор Қоғам директорларының кеңесінде өз міндеттерін Қоғамның және оның акционерлерінің мүддесі үшін адал орындайды, өз пікірін оған қол жеткізу жөнінде нақты ұсыныстарымен уақтылы білдіреді. Тәуелсіз директор қызметінің бағасы оң болып табылады.
5 - 3 балл - тәуелсіз директор Қоғам директорларының кеңесінде өз міндеттерін Қоғамның және оның акционерлерінің мүддесі үшін орындайды, өз пікірін уақтылы, бірақ оған қол жеткізу жөнінде нақты ұсыныстарсыз білдіреді. Тәуелсіз директор қызметінің бағасы қанағаттанарлық болып табылады.
0 - 2 балл - тәуелсіз директор өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамайды. Тәуелсіз директор қызметін бағалау қанағаттанарлықсыз болып табылады.
18. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін талқылау қорытындылары бойынша осы Ережеге қосымшаға сәйкес тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалау парағы толтырылады.
19. Отырыс қорытындылары бойынша комиссия мүшелері және оның хатшысы қол қоятын комиссия отырысының хаттамасы жасалады.
20. Комиссияның қайсы бір мүшесі комиссия шешімімен келіспеген жағдайда ерекше пікірге құқығы бар, ол жазбаша түрде баяндалуы және комиссия отырысының хаттамасына қоса тігілуі тиіс. Комиссияның қандай да болмасын мүшесі өндірістік немесе басқа себептер бойынша болмаған жағдайда, комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебі мен осы фактіні растайтын құжатқа сілтеме көрсетіледі.
4. Қорытынды ережелер
21. Қоғамның тәуелсіз директорларына қатысты қызметінің тиімділігін бағалау жыл сайын жүзеге асырылады.
22. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалау нәтижесі акционерлердің жалпы жиналысына немесе Қоғамның жалғыз акционеріне және уәкілетті органға жіберіледі.
23. Тәуелсіз директор қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша акционерлердің жалпы жиналысы немесе Қоғамның жалғыз акционері тәуелсіз директордың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдай алады.
Акцияларының бақылау пакеттері
мемлекетке тиесілі акционерлік
қоғамдардың тәуелсіз директорлары
қызметінің тиімділігін
бағалау ережесіне қосымша
Тәуелсіз директордың 20__жылғы
қызметінің тиімділігін бағалау парағы
Т.А.Ә. ____________
Ұйым _______________
| Р/с № | Көрсеткіштер | Түсініктеме | Балл |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Қоғамның тәуелсіз директор немесе олар басқаратын комитет жетекшілік ететін бағыт бойынша қызметi | Оң нәтижеге қол жеткізілді (тәуелсіз директор ұсынысты оны іске асыру жөніндегі нақты шешіммен уақтылы білдірді) | 2 |
| Қанағаттанарлық нәтижеге қол жеткізілді (тәуелсіз директор ұсынысты уақтылы, бірақ оны іске асыру бойынша шешудің нақты жолдарынсыз білдірді) | 1 |
| Қоғам қызметінің нәтижесі бұрынғы деңгейде қалды немесе нашарлады (тәуелсіз директор проблемалық мәселелерді шешу жөнінде қажетті шаралар қабылдамады | 0 |
| 2. | Тәуелсіз директордың Қоғамның Директорлар кеңесіне шығарылатын мәселелерді талқылауға қатысуы | Директорлар кеңесіне енгізілетін мәселелер бойынша тәуелсіз директор айтқан жаңашылдық ұсыныстарды Директорлар кеңесінің қабылдауы қойылған мақсаттарға қол жеткізуге себеп болды | 2 |
| Тәуелсіз директордың ұсынысы Қоғамның Директорлар кеңесіне енгізілетін мәселелер бойынша шешімі өзінде қағидатты жаңа жолдарға ие болған жоқ | 1 |
| Тәуелсіз директор Қоғамның Директорлар кеңесіне енгізілетін мәселелерді талқылауғa қатысқан жоқ | 0 |
| 3 | Тәуелсіз директордың Қоғамның Директорлар кеңесіне енгізілетін мәселелер бойынша, оларды талқылау барысында, оның қажеттілігі туындаған қосымша материалдарды дайындауы | Тәуелсіз директордың дайындаған материалдары қаралатын мәселелер бойынша дұрыс шешім қабылдау үшін нақты негіздемелері бар сапалы, толық көлемде болды | 2 |
| Тәуелсіз директордың дайындаған материалдары шешім қабылдау үшін негіздемесі жеткіліксіз болды | 1 |
| Тәуелсіз директор материалдарды сапасыз дайындады немесе бірде бір мәселе бойынша ұсынған жоқ | 0 |
| 4. | Тәуелсіз директордың Қоғам үшін салдары тиімді болған бастамасы | Тәуелсіз директордың бастамашыл ұсыныстарын іске асырудан Қоғам белгілі бір пайда алды немесе алады | 2 |
| | | Тәуелсіз директордың бастамашыл ұсыныстарын іске асырудан Қоғам белгілі бір пайда алмады немесе алмайды | 1 |
| | | Жыл бойы тәуелсіз директордан бастамашыл ұсыныстар түскен жоқ немесе тәуелсіз директордың бастамашыл ұсыныстарын іске асыру Қоғамның қызметіне теріс әсер етті | 0 |
| | Жиыны | | |
Комиссия төрағасы ____________
қолы
Комиссия мүшелері ____________
қолы
Комиссия хатшысы ____________
қолы