Қазақстан Республикасы
Индустрия және сауда министрінің
2005 жылғы 24 ақпандағы
№ 68 бұйрығымен бекітілген
Осы редакция 2007 жылғы 20 қыркүйектегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының
қатысушылары ретінде заңды тұлғаларды тіркеу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары ретінде заңды тұлғаларды тіркеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығына (бұдан әрі - Жарлық) сәйкес әзірленген және «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушы ретінде заңды тұлғаларды тіркеудің тәртібін, сондай-ақ «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құрудың мақсаттарына сәйкес келетін қызметтің есебін жүргізуді және бақылауды айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай түсініктер пайдаланылады:
1) АТП АЭА - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы;
2) Дирекция - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының дирекциясы» мемлекеттік мекемесі, орталық атқарушы орган шешімдерінің іске асырылуын жүзеге асыратын орган;
3) Басқарушы компания - «Ақпараттық технологиялар паркін басқару жөніндегі компания» ЖШС;
4) Өтініш беруші - АТП АЭА қатысушысының мәртебесін алуға үміткер заңды тұлға;
5) Журнал - АТП АЭА қатысушысының мәртебесін алуға үміткер заңды тұлғаларды тіркеу журналы;
6) Сараптамалық кеңес - өтініштерді қарауға және заңды тұлғаның АТП АЭА-ға қатысушы ретіндегі сәйкестігі туралы ұсынымдарды қабылдауға уәкілетті басқарушы компанияның сыртқы органы;