Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авариялық жағдайдағы көмек туралы
конвенция
(Вена, 1986 жылғы 26 қыркүйекте)
Ядролық авария туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияны қараңыз
ҚР 2010 жылғы 3 ақпандағы № 244-IV Заңымен ратификацияланды
ҚР үшін 2010 жылғы 9 сәуірде күшіне енді
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
ядролық қызметтің бірқатар мемлекеттерде жүзеге асырылып жатқанын сезіне отырып,
ядролық қызметті жүзеге асырған кезде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін ядролық аварияларды болдырмауға және егер ол орын алса, кез келген осындай авариялардың зардаптарын мейлінше азайтуға бағытталған жан-жақты шаралардың қабылданып келгенін және қабылданатынын атап көрсете отырып,
ядролық энергияны қауіпсіз дамыту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тілек білдіре отырып,
ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында олардың зардаптарын жұмсарту мақсатында кейінге қалдырмай көмек беруге жәрдемдесетін халықаралық жүйенің қажеттігіне көз жеткізе отырып,
осы салада өзара көмек туралы екі жақты және көп жақты уағдаластықтардың пайдалылығын атап көрсете отырып,
ядролық аварияға немесе радиациялық авария жағдайына байланысты өзара төтенше көмек көрсету жөніндегі іс-шараларға қатысты Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басшылыққа алынатын принциптер әзірлеу жөніндегі қызметін атап көрсете отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Жалпы ережелер
1. Қатысушы мемлекеттер өзара және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (бұдан әрі «Агенттік» деп аталатын) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында олардың зардаптарын мейлінше азайту үшін кейінге қалдырмай жәрдем беру мақсатында және адамдардың өмірін, мүлкін және қоршаған ортаны радиоактивтік шығарындылардың әсерінен қорғау үшін осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес ынтымақтасады.