Ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту жөніндегі
ақпаратты беру нысандарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің м.а. 2010 жылғы 21 мамырдағы № 81 Бұйрығы
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің 2012 жылғы 13 маусымдағы № 196 бұйрығымен күші жойылды
«Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 21-бабына және «Ұйымдар мен мемлекеттік органдардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту бойынша кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 27 қаңтардағы № 733 Жарлығына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуда қазақстандық қамту туралы ақпаратты ұсынудың нысандары бекітілсін:
1) жоспарланып отырған тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу бойынша ақпараттың нысаны (осы бұйрықтың 1 қосымшасына сәйкес);
2) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және қызметтер бойынша ақпараттың нысаны бекітілсін (осы бұйрықтың 2 қосымшасына сәйкес).
2. Осы бұйрықтың 1-тармағында көрсетілген нысандарды Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне электронды түрде «Қазақстандық қамту» Интернет-порталы арқылы электронды-цифрлы қол қоюды қолдану арқылы мыналар ұсынады:
1) ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, елу және одан да көп пайыз акциялары (жарғылық қапиталдағы қатысу үлесі) ұлттық басқару холдингтеріне, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар;
2) облыстардың (республикалық маңызы бар қалалар, астана) жергілікті атқару органдары - Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекіткен тізіміне сәйкес, тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алуларын қазақстандық қамту бойынша бақылауға алынған ұйымдар;
3) концессионерлер.