Қазақстан Республикасының
Заңы
Білім туралы
(2011.06.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2011 жылғы 19 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін айқындайды және Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адъюнктура - әскери оқу орындарында жоғары білікті ғылыми-педагогтік кадрлар даярлау нысаны;
2) академия - мамандықтардың бір-екі топтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын, ғылыми-зерттеу қызметін және педагогтік қызметті, кадрлардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды жүзеге асыратын оқу орны;
3) атаулы стипендия - тиісті білім беру бағдарламаларын ойдағыдай меңгерген, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын, оқу орнының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене қатысатын неғұрлым қабілетті білім алушыларды көтермелеу үшін жеке немесе заңды тұлғалар тағайындайтын стипендия;