Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010 - 2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы № 39 Қаулысы
(2010.07.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011 жылғы 25 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010 - 2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 29 қаңтардағы
№ 39 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің
2010 - 2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің миссиясы мен пайымдауы
Миссиясы: бәсекеге қабілеттілікті және тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз ететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру
Пайымдауы: жоғары білімді, бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт
2. Ағымдағы жай-күйді талдау
Қазақстанда 5 жастан 24 жасқа дейінгі халықтың 85 % білім беру бағдарламаларымен қамтылған. 4,5 млн. дерлік адам білім алуда. Білім және ғылым саласында 500 мыңға жуық оқытушы мен ғалым жұмыс істейді. Білім және ғылым жүйесімен республика халқының 30 %-ға жуығы қамтылған.
Республика халқының 99,6 % - сауатты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының деректері бойынша, Қазақстан 2009 жылы адам дамуының индексі бойынша 82-орынға ие болып, адам әлеуеті дамуының жоғары деңгейлі елдерінің қатарына кірді.