Ұйымдарда хронометраждық жұмыстарды жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2010 жылғы 19 қазандағы № 344/1-ө бұйрығы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 қарашадағы № 1159 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 10-тармағы 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ұйымдарда хронометраждық жұмыстарды жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілсін.
2. Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті (А.Ә.Сарбасов) осы бұйрықтың Министрліктің веб-сайтында жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және
халықты әлеуметтік қорғау министрінің
2010 жылғы 19 қазандағы
№ 344/1-ө бұйрығымен бекітілген
Ұйымдарда хронометраждық жұмыстарды жүргізу жөніндегі
әдістемелік ұсынымдар
1. Жалпы ережелер
Осы әдістемелік ұсынымдар нормативтік материалдарды әзірлеу кезінде қолдануға арналған және ұйымдарда хронометраждық жұмыстарды жүргізудің негізгі қағидаттарын айқындайды.
Еңбек процесін тиімді жобалау, еңбек нормаларының негізділігін қамтамасыз ету бастапқы ақпарат пен арнайы зерттеулер базасында жүзеге асырылады.
Мұндай зерттеулердің негізгі мақсаты:
операцияның және жұмыс уақыты шығынының құрылымын талдау;
уақыт шығынына әсер ететін факторлар туралы мәліметтерді алу;
уақыттың бос шығынының және тиімсіз шығынының ауқымы мен себептерін айқындау;
нормалар мен нормативтерді әзірлеу үшін деректер алу;
қолданылатын нормалар мен нормативтердің сапасын, нормалардың орындалмауының (асыра орындалуының) себептерін бағалау;
қолданылатын еңбек тәсілдері мен әдістерінің тиімділігін салыстырмалы бағалау;
нұсқаулық, технологиялық карталарды әзірлеу үшін бастапқы деректерді алу;