Яков Гавердовский қазақтың кәдуілгі құқығы туралы («Жеті жарғы» жайлы алғашқы жазба дерек)
Қайрат Әлімжан, заңгер
2007-жылы көптеген қазақ зерттеушілері жалыға күткен тарихи-этнографиялық шығармаларының бірі жарияланды.
Біз сөз етіп отырған «Обозрение Киргиз-кайсакской степи» («Қырғыз-қайсақ даласын шолу») деген шығарманың авторы аты белгілі, бірақ заты белгісіз зерттеуші - орыс офицері - поручик Яков Петрович Гавердовский (1770/73-1812). Мені оның еңбегі қазақтың кәдуілгі құқығына байланысты студент кезімнен қызықтырған.
Қазақ құқықтанушылары Гавердовскийді бұрыннан білген. Мысалы, Т.М. Күлтелеев (1911-1953) «Қазақтың қылмыстық кәдуілгі құқығы» атышулы монографиясын жазғанда басқа дереккөздермен қатар Гавердовскийдің шығармасын да (қолжазба күйінде) пайдаланған.[1] Басқа зерттеушілер де, әсіресе тарихшылар, Гавердовскийдің шығармаларын өз жұмыстарында кеңінен пайдаланған. Мәселен, атақты А.И. Левшин (1797-1879) өзінің қазақтар туралы 1832-жылы жарық көрген іргелі зерттеу еңбегін жаза отырып еш сілтеме жасамаса да Гавердовскийдің жазбаларына сүйенгені күмәнсіз.[2] Қазақстан мен Ресейдің қазіргі заман тарихшылары да - М.П. Вяткин (1895-1967), Н.Г. Аполлова (1898-1993), Е. Бекмаханов (1915-1966), С.Е. Толыбеков (1907-1995), Н.Е. Масанов (1954-2006) және т.т. - Гавердовский еңбегін оқып өз жұмыстарында пайдаланған.[3]
Дегенмен, Гавердовскийдің оқымыстылар арасындағы танымалдылығына қарамастан оның шығармаларының негізінен қолжазба күйінде қалып баспа бетін көрмегені зерттеушілердің басым көпшілігіне соңғы кезге дейін үлкен кедергі болды.[4]
Гавердовскийдің өзін сипаттайтын болсақ, ол кісі қазақтарды жақсы білген деуге болады.[5] 1789-жылдан 1800-жылға дейін ол кісі Орынбор қаласы мен Орынбор шекаралық бекіністер шебінде Ресейдің азаматтық және әскери құрылымдарында қызмет етті. Жазба еңбектерінің мазмұнына қарағанда, орыс офицері қазақ тілін де әжептәуір игерген. Және де ерекше атап өтерлік жайт, Ресей мемлекетіне өмірінің соңына дейін адал қызмет етіп, орыс-француз соғысына қатысып полковник шенінде Яков Гавердовский әйгілі Бородино шайқасында 1812-жылы тамыздың 26-сында ерлікпен қаза тапты.[6]
Енді қазақ тарихын зерттеуде тағы бір олқылықтың орны толтырылып, Я.П. Гавердовскийдің негізгі еңбектері 200 жыл бұрын жазылып Қазақстанда басылып шықты. Анығырақ айтатын болсақ, ол кісінің «Журнал, веденный Свиты его императорского величества поручиком Гавердовским и колонновожатыми Ивановым и Богдановичем во время следования их по высочайшему повелению чрез Киргизскую степь в провинцию Бухарию, с различными наблюдениями, с описанием всех случившихся происшествий, равно как и о возвращении в Россию в 1803 году с кратким уведомлением об отправлении посольства в азиатское владение» (1804-жылы жазылған)[7] («Императорлық ұлы мәртебелінің нөкер-қосшыларының поручигі Гавердовский мен колонновожатыйлар[8] Иванов пен Богданович Қырғыз даласы арқылы Бұхар уәлаятына ұлы мәртебелінің жоғары әміріне сәйкес өткенде, түрлі шолулар мен жолшыбай орын алған уақиғалардың сипаттамасы туралы және де Ресейге 1803-жылы қайту туралы жазып жүргізген журнал мен елшілікті азиялық иелікке жіберу жөнінде қысқаша ескертпе»), «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1) или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов» (1806)[9] («Қырғыз-қайсақ даласын шолу (1-бөлім) немесе Қырғыз-қайсақ даласында 1803 және 1804-жылдары күнделікті жүргізген жазбалар») және «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 2) или Описание страны и народа киргиз-кайсакского» (1809)[10] (««Қырғыз-қайсақ даласын шолу (2-бөлім) немесе Қырғыз-қайсақ елі мен жұртын сипаттау») деген шығармалары жарияланды.
Бұл еңбектер автордың Қазақ даласы арқылы Бұхара әміриятына бармақ болған сәтсіз саяхатының жемісі деуге болады. Атап айтқанда, 1803-жылы Ресей Бұхараға ресми мәмілегерлік миссиясын жоспарлап жібермек болады. Бұл елшілікті басқару поручик Гавердовскийге жүктеледі. Я.П. Гавердовский бастаған ресми миссия қазақ жолсеріктерін алып, сауда керуенімен бірге шілде айында Орынбор қаласынан аттанып Сырдарияны бетке алады. Елшілік Қазақ даласының батыс бөлігі арқылы сол кездегі белгілі жолдардың бірін таңдайды. Ақырында, бұл елшілік сәтсіз аяқталады. Қыркүйек айында Сырдарияға 70 шақырымдай жер жетпей керуен қарақшыларға тап болады. Мұздай қаруланған көптеген қарақшылар тобы бас салып, керуенді аямай тонап, көптеген адамды қырып не тұтқынға алып, қалғандарды кері қайтуға мәжбүрлейді.
Сәтсіздікке қарамастан Я.П. Гавердовский жол-жөнекей жинаған мәліметтер негізінде қысқа баянхат пен мақалалардан басқа үлкен, ғылыми маңызы зор шығарма жазып қалдырады.
Ерекше атап өтерлік жағдай, елшілікке қатысушылар арасында міндеттер алдын ала үлестіріліп анықталған. Гавердовскийдің жазуынша, оның міндетіне бойлық пен полюстің биігін анықтау, жол мен жолшыбай болған уақиғалар журналын жүргізу, жүрген жолдың географиялық жағдайын байқау, жергілікті халықтардың мінез-құлқы мен әдебі және тарихы мен заңдары туралы мәлімет жинау жатқызылған.[11] Яғни, зерек саяхатшы қазақ кәдуілгі құқығына байланысты мағлұматты ұқыпты жазып жүрді. Қазақ құқықтанушыларына Гавердовский еңбектерінің маңызын арттыратыны ол шығармаларында тарихта тұңғыш болып жазбаша түрде Тәуке хан заңдары, яғни қазақ тарихнамасында «Жеті жарғы» деген атпен белгілі заңдар жиынтығы туралы мәлімет келтіреді. Оның үстіне, мәселен, атақты қазақ оқымыстысы Т.М. Күлтелеевтің пікірі бойынша, басқа зерттеушілермен салыстырғанда «Жеті жарғыдағы» құн жөнінде ең дұрыс мәлімет Гавердовский берген.[12] Кейбір құқықтық мәселелер бойынша, оның ішінде «Жеті жарғының» түп мәтіні жөнінде, Гавердовскийдің жазып қалдырғаны іс жүзіндегі жағдайға ең жақын екені туралы С.Л. Фукс (1900-1976) те кезінде бірнеше рет баса айтып көрсеткен.[13] Гавердовскийдің жазбалары Тәуке ханның заманына басқа белгілі жазба тарихи шығармаларға қарағанда ең жақын болғанын ескерсек, жағдайдың осылай қалыптасқанына, яғни Гавердовскийдің мәліметтері ақиқат ауылына ең жақын екеніне таңдануға болмайды.
Тағы бір айтарлықтай жайт, Гавердовский машықтанған академиялық зерттеуші емес. Ол сипаттап жазған көптеген оқиғалар мен фактілердің тікелей куәсі болған. Яғни, оның шығармаларын тарихи куәгердің сенімді дереккөзі ретінде қабылдауға әбден болады. Дегенмен, оларды да сын көзбен пайымдасақ артық болмас.
Үшбу мақалада Гавердовскийдің жоғарыда аталған шығармаларынан алынған қазақтың кәдуілгі құқығына қатысты үзінділер топталып, жүйеленіп цитат түрінде орысша келтіріліп, қазақшаға аударылып берілмекші. Орайы келгенде келтірілген цитаттарға қосымша түсінік пен ескертпелер де беріледі. Орысша цитаттар Гавердовский жазғандай (жоғарыда аталған кітап мәтіні бойынша) емлесі мен грамматикасы және лексикасы еш өзгеріссіз сол қалпында сақталып келтіріледі.
[Шариғат ережелері және мұсылман құқығы туралы]
«…О магометанском законе, в каком почтении оный у них находится в степи
Могилы и память умерших есть одна характерная черта сего народа, оставшаяся у них от времен идолопоклонства, хотя оное и против Магомедова устава, которому они с суетностью последуют, не зная оного совершенно. Несколько мулл с Алкораном приходит к ним из Бухарии и Хивы, и арабские стихи стараются толковать совсем противно, но в свою только пользу, дабы за отпущение грехов выманить от киргизцев более подарков, почему и во всех объяснениях приноравливаются к их обыкновениям, укореняя тем самым более зло в сердце сего народа, посеянное уже вместе с их рождением.
Главные понятия о законе заключаются здесь в следующих кратких правилах: чтоб исполнять всегдашнее омовение, употребляя для сего, за неимением воды, песок; повременное богомолье; снискивать пропитание чрез оружие, быть в беспрерывной праздности и удовлетворять желанию; по силе и по возможности пользоваться многоженством, что доводят они до чрезвычайности; а христиан считать врагами веры их, за что увозить иноверцев в неволю.
Никакое противоречие не в состоянии будет опровергнуть в киргизцах сих мнений, а потому и муллы не смеют много прекословить им в старых обрядах, наказание и самая смерть бывают воздаянием за противное наставление природному их побуждению. Ни один киргизец не умеет читать, ни же писать, напрасно заводимы были на границе российской для них школы; они не умели пользоваться сим благом, но жили с тем только на границе, дабы без дальних трудов иметь пропитание. Муллы наши, которые живут у них посылаемы будучи от начальства, не смеют ни в чем прекословить. Киргизцы при малейшем неудовольствии ничем не дорожат.
Закон Магомедов вошел к киргизцам с рукою завоевателей. Темир-Аксак, возвратившись из похода от Константинополя, рассеял страх с новым законом. Желание иметь много жен и по смерти есть только и веселиться, побудило и киргизцев принять оный, которые суть более подражатели, но не исполнители сей веры. Молятся машинально, некоторые каждый день, совсем без правил и не в урочное время, раза два припадают на колени и раза два поклонясь, оканчивают молитву поправлением их тюбетейки на голове и поглаживанием щек и бороды. Они почти никогда не моются, невзирая, что есть сие в обряде, леность в сем им препятствует, но довольствуются пылью, оною обтираясь, как предписано в Алкоране; стихов и молитв никаких почти не знают».[14]
«Мұхамед заңы және сол заңының сахарада қаншалықты құрметтелетіні туралы
Мұхамед жолына қайшы болса да, зираттары мен опат болғандарын қадір тұту бұл халықтың пұтқа табынушылық заманынан қалған ерекше бір қасиеті, дегенмен олар Мұхамед жолын түк білмесе де оны жанталасып ұстануға тырысады. Бұларға Бұхара мен Хиуадан бірнеше ғана молла Құран алып келіп тұрады және араб өлеңдерін бұрыс, бірақ өз қарақан бастарының пайдасына түсіндіруге тырысып бағады, өйткені моллалардың мақсаты күнәһардың күнәсі үшін Құдайдан кешірім алдыртқанына көбірек сыйлық иемденіп алу. Осы мақсатпен өз түсіндірмелерін олар жергілікті әдеттерге бейімдеп айтып, бұл халықтың жүрегінде туабіткен жамандықты одан бетер нығайтып отыр.
Бұл жерде заң туралы басты түсініктері мына қысқаша жол-ережелерде көрініс табады: судың жоқтығынан құм пайдаланып күнделікті дәрет алу; уақтылы намазға жығылу; нәпақасын қару-құралмен табу; ылғи дырдумен күн кешіріп еріккендіктен пайда болған тілектердің жетегімен жүру; әл-қадарынша және шама-шарқынша көп қатын алу, бұны олар кейде сұмдық төтенше жағдайға жеткізеді; мәсіхшілдерді (христиандарды) олардың діндерінің жауы деп санап бөтен діндегілерді құлдық пен күңдікке салады.
Ұстанып отырған пікірлері қаншалықты қайшылықты болса да қырғыздар [қазақтар. - Қ.Ә.]бұны дұрыс деп санаса оны ешкім жоққа шығара алмайды, сол үшін моллалардың олардың ескі ырым-жораларының орындалуына кедергі келтіруге батылы жетпейді, өйткені олардың табиғи талап-тілектеріне қарсы келетін уағыздың сауабына жаза, кейде өлім жазасы да кесіледі. Бір де бір қырғыз [қазақ. - Қ.Ә.] не оқи, не жаза алмайды, Ресей шекарасында оларға арналған мектептер бекер ашылған; олар бұл жақсылықты өз пайдасына айналдыра алмай, тек оңай, еңбексіз ризық көру үшін шекара маңын мекен еткен. Олардың арасында тұратын, бастықтарымыз жіберіп жүрген біздің моллаларымыз [қазақтарға] еш қарсылық білдіре алмайды. Титтімдей наразы бола қалған қырғыздар [қазақтар. - Қ.Ә.] үшін ештеңенің құны болмайды.
Мұхамед заңы қырғыздарға[қазақтарға. - Қ.Ә.]жаулап алушылардың арқасында келді. Ақсақ Темір Константинополь [Ыстамбұл. - Қ.Ә.] жорығынан қайтып келісімен жаңа заңға қатысты ел қорқынышын сейілтеді. Көп қатын алудан және өлімнен кейін тек тамақ жеп ойын-сауықпен айналысудан дәмелі қырғыздар [қазақтар. - Қ.Ә.] жаңа заң қабылдайды, алайда олар бұл діннің орындаушылары дегеннен гөрі, еліктеушілері дегеніміз жөн. Намазға ойламай жығыла береді, кейбіреулері күніге сыйынғанда жол-ережелерді түк сақтамайды және намаздарын уақытында оқымайды, екі рет тізерлеп отырады да екі рет маңдайларын жерге тигізіп, бастарындағы тақияларын дұрыстап, беттері мен сақалдарын сипалайды, осымен намаздарын бітіреді. Дін жоралғысының талабына қарамастан дәрет алғанда өте сирек болмаса ешқашан сумен жуынбайды деуге болады, бұның негізгі себебі еріншектік, топырақпен, Құранда айтылғандай, сүртініп осымен ғана қанағаттанып жүр, өлең не намаз сөздерін дерлік білмейді».
Қазақтардың ислам дінін қаншалықты ұстағаны туралы Гавердовскийдің жазғанын, әлбетте, сын көзбен түсінуіміз керек. Біріншіден, атап айтарлық жайт, автор қазақтарды дұрыс сынағанымен біраз нәрсені әсірелеп көрсетіп, бағалап отырғаны анық. Мәселен, бір де бір қазақ не оқи, не жаза білмейді деп жазғаны, әрине, жаңсақ пікір. Мүмкін, саяхатшы сондай сауатты адамдарды Қазақ даласында көптеп кездестірмегендіктен жазып қойған, бірақ бір де бір кісі не жаза, не оқи білмейді дегенге сену қиын. Оның үстіне, автор кейбір мәселелер жөнінде бұрыс пікірін де білдіріп отыр. Мысалы, дәрет алғанда судың орнына топырақ пайдалануды дін жоралғысын бұзу дегені қате болса керек деп ойлаймын. Қазақ даласының жағдайында, яғни су тапшы болғанда, бұндай амалды ислам дінінің қағидаттарын бұзу дегені теріс түсінік екені анық. Яғни, автордың жазғанын оқығанда іс жүзіндегі факті мен жазушының пікірін ажыратып, болған жағдайды анықтап бағалау керек.
«Кабанов киргизцы бьют [на охоте. - Қ.Ә.] более для уменьшения вреда их скотине. Впрочем, они их не едят, почитают по закону магометанскому за грех».[15]
«Қырғыздар [қазақтар. - Қ.Ә.] аңшылыққа шығып қабандарды көбінесе малдарына зияндарын азайту мақсатымен өлтіреді. Дегенмен, олар қабанның етін жемейді, өйткені бұны Мұхамед заңы бойынша күнә деп санайды».
Демек, бұл жазудан қазақтар ислам діні ережелерін мейлінше сақтауға тырысқан деп қорытындылауға болады.
[Барымта туралы]
«…Табун наш находился во всегдашней опасности от следовавших за оным и подсматривающих киргизцев, и самый лагерь находился в средине воровского места, где беспрерывный бывает переход киргизцев из разных родов на баранты. Жадность к добычам столь между киргизцами усилилась, что они не дорожат ничем к ее удовлетворению, даже и между собою, имея претензии от старинных каких-либо распрей. История же барантов сих произошла вместе с началом народа сего…».[16]
«Біздің үйірімізге артымыздан қалмай аңдып өкшелей жүрген қырғыздар [қазақтар. - Қ.Ә.] тарабынан ылғи қауіп төніп тұрған және лагеріміздің (қонысымыздың) өзі түрлі рулардың қырғыздары [қазақтары. - Қ.Ә.] барымтаға үздіксіз шығатын дәл қарақшылар мекенінің ортасында орналасқан. Қырғыздардың [қазақтардың. - Қ.Ә.] олжаға арандары соншама ашылып, оны табуға ашқарақтанып олар өзара да ештеңеден тайынбай, бұрынғы заман дауларының негізінде де талап қоюға ұялмай жүр. Ал барымта дегеніміздің тарихы осы халықтың пайда болуынан бастау алады…».
«… О молитве, даваемой биями идущим на промысел
Киргизцы, едущие на промысел таковой или грабеж, просят у старшин и биев, почитаемых ими, благословения, сии же, хотя бы и не были согласны, но противиться не смеют, опасаясь лишиться партии преданных им киргизцев, ибо при малом несогласии они оставляют старшин и присоединяются к противной стороне, уменьшая чрез то власть первых. Во время благословения садятся все в круг, начальник читает подняв руки молитву, призывая Бога на вспоможение отправляющимся к получению добычи, и утирая руками лица с именем Бога воскликнув Алла! Алла! расстаются[17]*.
Ежели удачно исполняется таковой грабеж, то киргизцы уделяют часть из добычи благословившему их старшине или бию и потом делятся со всем родом.
Таким же образом отправляются они на баранты и в другие пути на торговлю и на границу по делам народным…».[18]
«…Олжа табуға бармақшыларға билердің беретін батасы туралы
Олжа табуға немесе аламанға аттанатын қырғыздар [қазақтар. - Қ.Ә.] өздері сыйлайтын басшылары (старшындары) мен билерінен бата-тілек сұрайды. Басшылар (старшындар) мен билер бұл аттанысты дұрыс деп қарамаса да, өз қырғыздарынан [қазақтарынан. - Қ.Ә.] айрылудан қауіптеніп, қарсыласуға батпайды, өйткені азғантай келіспеушілік пайда болса олар басшыларынан (старшындарынан) кетіп, қарсы жаққа қосылып бұндай қылықтарымен алғашқылардың билігін әлсіретеді. Бата-тілек бергенде бәрі алқа қотан отырып бастықтары қолдарын көтеріп, аттанатындарға олжалы қайтуға Құдайдың қолдауын сұрап батасын айтады, бұдан кейін бәрі беттерін қолдарымен сипап Құдайдың атымен «Алла!», «Алла!» деп айқайлап тарап кете береді.[19]*
Аламан сәтті өтсе қырғыздар [қазақтар. - Қ.Ә.] олжаның бір бөлігін батасын берген басшыға (старшынға) не биге береді, содан кейін бүкіл румен де бөліседі.
Осындай тәртіппен олар барымтаға және басқа да шаруамен саудаға және де шекараға ел-жұрт мәселелерімен аттанып шығады…».
Осы ережелердің ішінде дәстүрлі қазақ қоғамының ең маңызды қағидаттарының бірі анық көрсетілген. Бұл қағидат бойынша, әр қазақтың өз басшысынан әр кезде өз еркімен көшіп кету құқығы болған. Яғни, басшысы басынып әділетсіздікке барса не басқа бір арамдық жасаса, бұған көнгісі келмейтін әрбір қарапайым қазақ басқа жерге кетіп, басқа басшыға қосылуға ерікті болған. Осыған байланысты басшылар өз қарамағындағы адамдарына дұрыс қарауға тырысқан.
«…Барантою называют здесь мщение, которое наносят киргизцы на пограничных жителей, а сии - на киргизцев. Обычай сей с давнего времени господствует. Он возродил непримиримую и беспрерывную вражду, так что, наконец, удовлетворение сего роду преобразилось в народное право. При нападении для баранты часто страдают невинные, иногда за 300 верст кочующие от линии. Башкирцы и киргизцы более всех других делают между собою сии хищничества. Они не только грабят имение и угоняют скот, но убивают жен и малолетних детей. Баранты сии наносят великое зло для безопасности российских пределов и промышленности, и даже для спокойствия киргизских орд…».[20]
«…Барымта деп бұл жерде қырғыздардың [қазақтардың. - Қ.Ә.] шекаралық тұрғындардан және сол тұрғындардың қырғыздардан [қазақтардан. - Қ.Ә.] еселерін алуын атайды. Бұл әдет-ғұрып бұрынғы заманнан басшылықка алынып жүр. Ымырасыз және үздіксіз қастықты қалпына келтіріп ақыр соңында бұл амал халық құқығына айналды. Барымта кезінде еш кінәсі жоқ адамдар, кейде әскери бекіністер шебінен 300 шақырым қашықтықта көшіп жүретіндер жиі зардап шегеді. Басқаларға қарағанда башқұрттар мен қырғыздар [қазақтар. - Қ.Ә.] өзара осы жыртқыш аламандарға көбірек шығады. Олар мүлік тонау және мал айдаумен ғана шектелмей, қатындар мен жап-жас балаларды аямай өлтіреді. Барымта деген Ресей аумағының қауіпсіздігіне зор нұқсан келтіріп қана қоймай, одан қырғыз [қазақ. - Қ.Ә.] ордаларының тыныштығы да үлкен зиян шегіп отыр.».
[«Жеті жарғы» туралы]
«…Около 1680 г. один старшина из меньшей орды Тявка-султан, присоединя к себе большую часть народа из всех орд и сделав удачные над прочими победы, наименовал себя первым ханом всех трех орд, в которых знаменитыми родоначальниками тогда были и в сие время утвердились первенствующими биями: в Большой орде - Тюля, в Средней - Казбек, а в Меньшей - Итка. Они вообще с ханом старались об успокоении в ордах волнений и для лучшего к оному усилия разделились совершенно…».[21]
«…Шамамен 1680-жылы Кіші жүз басшыларының (старшындарының) бірі Тәуке сұлтан үш жүз халқының көпшілігін өзіне қаратып және бар бәсекелестерін жеңіп шығып өзін бүкіл үш жүздің бірінші ханы деп жариялайды. Сол кезде атақты рубасылар болып және әр жүзде, атап айтқанда Ұлы жүзде - Төле, Орта жүзде - Қазыбек, ал Кіші жүзде - Әйтеке, төбе билер болып орнықты. Жалпы олар жүздерінде болатын берекесіздікті жойып ханмен бірге тәртіп орнатуға тырысып бақты және осыны жүзеге асыру үшін тіптен дербестеніп кетті…».
Тарихи дереккөздерге қарағанда, Тәуке ханды (немесе Тәуке сұлтанды) Кіші жүз басшыларының (старшындарының) бірі деп айту қате болса керек. Гавердовскийдің бұл тұжырымы оның жергілікті хабаршыларының бірі айтқан бұрыс сөзіне сүйенгені болуы мүмкін. Дегенмен, бұл сөз Тәуке ханды оның сұлтан кезінде хан тағына ұмтылғанда Кіші жүздің рулары қолдағандықтан ел есінде осылай (Кіші жүз басшыларының бірі болып) сақталып қалуы мүмкін.
Оның үстіне, кейбір авторлар 1680-жылды «Жеті жарғы» қабылданған уақыт (не жыл) деп көрсетеді. Бұл да, менің ойымша, қате болса керек. Гавердовскийдің Тәуке ханның 1680-жылдың шамасында хан болып көтерілгені туралы дерегі рас болса да, қарапайым логикаға жүгінетін болсақ, біріншіден, билікке келе салып дереу заң қабылдау миға қонбайтын сияқты, екіншіден, қазақ хандарының білік ету дәстүрінде ондай құбылыс әдетте болмаған. Керісінше, менің пайымдауымша, Тәуке хан реформаларын жоспарлаған болса, оның ішінде құқық саласында да, бұндай реформаларды қазақ жамағаты сияқты дәстүрлі қоғамдарда дәстүрлі жолмен өзгеріс енгізу әлдеқайда тиімді болатыны түсінікті. Бұны қазір біз түсінетін болсақ, Тәуке хан сықылды мемлекет қайраткері сол кездегі жағдайды біле тұра түсінбеді деу қисынсыз. Осыған байланысты «Жеті жарғы» деген заңдар жиынтығының ол кісінің бастамасымен расында қабылданғаны болса, оны асықпай, ел ағаларымен бір емес, бірнеше рет ақылдасып, ептеп-септеп қазақ қоғамына енгізді деп болжағанымыз әлдеқайда ақылға қонымды болса керек. Бұл кәдуілгі құқықтың даму заңдылықтарымен де үндесетін әрекет болса керек. Яғни, бұл тұрғыдан қарастыратын болсақ, «Жеті жарғы» деген заң жиынтығы тарихта расында қабылданған болса, 1680-жылы емес, сол жылдан кейін пайда болғаны ақиқат ауылына жақынырақ болу керек.
Атап айтарлық бір ерекше жайт, қазақтың дәстүрлі құқықтық сана-сезімінде Тәуке ханның «Жеті жарғысы» негізгі құқықтық мифтерінің бірі болуы мүмкін. Яғни, менің айтайын деген ойым, «Жеті жарғы» расында, тарихта іс жүзінде болмағаны да мүмкін. Қазіргі заман заңгерлерінің тілімен айтатын болсақ, «Жеті жарғы» құқықтық фикция (legal fiction), яғни жасанды дүние (artificial matter) болса, таңдануға болмайды. Кейбір кезде құқықтық фикцияның маңызы іс жүзінде (расында) болған құбылыстан, нақтылы объектіден әлдеқайда жоғары болуы таңсық емес екенін заңгерлер мен құқықтанушылар біледі. Осыған байланысты құқықтық фикциялығы «Жеті жарғының» қазақтың жалпы және құқықтық тарихындағы шешуші рөлі мен маңызын төмендете алмайды.
«Жеті жарғының» фикция екеніне кейбір жанама дәлелдер де бар. Мәселен, сол заңның атауына назар аударсақ, ерекше бір атап өтерлік жайт, Гавердовский Тәуке ханның жаңа заң жиынтығын қабылдап бекіткені туралы бірінші болып жазғанымен оны «Жеті жарғы» деп атамайды. Тәуке ханның заңдары туралы жазбаша мәлімет қалдырған басқа да орыс зерттеушілері (И.П. Шангин (1783-1830) және А.И. Левшин (1797-1879)[22]) сол заңдарды «Жеті жарғы» не осыған ұқсас атаумен атамайды, тек жалпылама Тәуке хан заңдары деп көрсетеді. Меніңше, бұл кездейсоқ болмаса керек. Демек, бұл кісілерге сол заңдар туралы мәлімет берген қазақ хабаршылары бұндай атауды білмеген болса керек, әйтпесе атақты заңдар туралы айта тұрып, олардың жалпы атын атамау түсініксіз. Яғни, Тәуке хан заманында да, одан кемінде жүз жыл кейін де «Жеті жарғы» деген атау қазақ қоғамында мүлдем болмағанға ұқсайды. Осыдан бұл атау кейінгі кезеңнің жемісі деп болжауға болады. Яғни, XIX-ғ. басында Тәуке хан заңдарын қазақтар «Жеті жарғы» деп әлі атамаған. Дегенмен, қазақтың тарихи дәстүрінде бұл заңдар «Жеті жарғы» деп аталады, нақтырақ айтқанда - «Әз Тәуке ханның Жеті жарғысы». Бұл атау қазақша жазбаша түрде алғаш рет Абайдың (1845-1904) «Үшінші сөзінде» кездеседі деп ойлаймын. Орыс дереккөздерінде бұл атау тұңғыш рет П.Е. Маковецкий (1886) еңбегінде келтіріледі.[23] Бұдан кейін бұл атауды (не бұған ұқсас атауды) басқа орыс зерттеушілері де қайталап кең қолдана бастайды.[24] Бір атап өтерлік жайт, тарихи әдебиеттен білуімше, Абай мен Маковецкийлер өзара жақсы таныс болған, осыған байланысты қазақ құқығы жөнінде Маковецкий шығарған кітапшаға Абайдың (хабаршы не ақылшы ретінде) қатысуы әбден мүмкін. Олай болса, Маковецкийдің «Жеті жарғы» атауын білуі түсінікті болып шығады. Яғни, XIX-ғ. соңында Тәуке хан заңдары қазақтың тарихи дәстүрінде «Жеті жарғы» деген атаумен белгілі болып шықты.
Сол сияқты не Гавердовский, не Шангин, не Левшин Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолы» туралы бір де бір сөз жазып қалдырмаған. Демек, жоғарыда айтқанымдай, Әз Тәуке ханнын «Жеті жарғысы» қазақ халқының өте маңызды құқықтық мифтерінің бірі деген болжамым дұрыс болса, бұл болжам, әлбетте, Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолына» да қатысты болса керек.
«Продолжение и конец об истории народных перемен и их законоположений
Для сокращения междоусобных грабежей и для приведения народа к родоначальникам в повиновение, первый хан Тявка и главные бии с общего согласия, сделав законоположения, повестили оные к исполнению во всех родах, а их начальникам утвердили то под строгою присягою.
Производимое по уставам сим разбирательство народных дел, хотя и успокоило несколько неукротимую кочевого народа дерзость, а от того и связь общественная могла соделаться спокойнее, но как законы сии не были письменные, а переходили из рода в род, по одним изустным только преданиям, то напоследок были так переменены, что по необузданности киргизцев послужили только к большему их развращению, к разным друг к другу придиркам и к оправданию жадности их к грабежам.
Время от времени приумножавшиеся в родах начальники (ибо все дети бывших старшин имели на оное право) раздробили, наконец, роды на мелкие части, и каждый таковой предводитель, старавшись усилить свое преимущество, с приверженным ему коленом, под видом претензий и на основании также уставов их, нападал на других, а оттого простые киргизцы, вышед из повиновения, приставали для получения прибыли к разным другим партиям. И тогда право сильного соделалось общим уставом.