Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы № 1173 Қаулысы
(2016.07.04. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № 65 Қаулысымен күші жойылды
«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы Заңының 20-бабы 1-1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 14 қазандағы
№ 1173 қаулысымен
бекітілген
Қаржылық есептілікті депозитарийге беру
қағидалары
1. Осы Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) жария мүдделі ұйымдардың қаржылық есептілікті қаржылық есептілік депозитарийіне (бұдан әрі - депозитарий) беру тәртібін айқындайды.
ҚР Үкіметінің 2016.07.04. № 187 Қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Депозитарий — жылдық қаржылық есептілік және ұйымдар жыл сайын беріп отыратын аудиторлық есептер, акционерлік қоғамдардың үлестес тұлғаларының тізімі, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың корпоративтік оқиғалары туралы ақпарат қамтылатын, пайдаланушылар үшін ашық қолжетімді электрондық деректер базасы.
3. Депозитарий екі: негізгі және қосымша кіші бөлімнен тұрады.
Депозитарийдің негізгі кіші бөлімі осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген депозитарий ұйымының сәйкестендіру көрсеткіштерін қамтиды.
Қосымша кіші бөлім ұйымдардың қаржылық есептілігін және аудиторлық есебін қамтиды.