Клиникалық және эпидемиологиялық айғақтар бойынша адамдарды АИТВ-инфекциясының болуына медициналық тексеру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 қарашадағы № 1280 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 25 қыркүйектегі № 788 Қаулысымен күші жойылды
«Клиникалық және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша адамдарды АИТВ инфекциясының болуына міндетті құпия медициналық зерттеп-қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 23 маусымдағы № 508 бұйрығын қараңыз
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 115-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Kлиникалық және эпидемиологиялық айғақтар бойынша адамдарды АИТВ-инфекциясының болуына медициналық тексеру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 3 қарашадағы
№ 1280 қаулысымен
бекітілген
Клиникалық және эпидемиологиялық айғақтар бойынша адамдарды АИТВ-инфекциясының
болуына медициналық тексеру
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Клиникалық және эпидемиологиялық айғақтар бойынша адамдарды АИТВ-инфекциясының болуына медициналық тексеру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан азаматтарында, оралмандарда және республика аумағындағы басқа да адамдарда АИТВ-инфекциясының болуына міндетті құпия медициналық тексеру жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) АИТВ - адамның иммун тапшылығы вирусы;
2) жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС) - адамның иммун жүйесінің АИТВ-дан қатты зақымдануынан болған патологиялық белгілер байқалатын АИТВ-инфекциясының соңғы сатысы;