Акционерлік қоғамдар туралы
2003 жылғы 13 мамырдағы № 415-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы
(2011.25.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2011.28.12., 2012.09.01. және 2012.12.01. енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң акционерлік қоғамның құқықтық жағдайын, құрылу, қызмет, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртібін; акционерлердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды; акционерлік қоғам органдарының құзыретін, құрылу және жұмыс істеу тәртібін; оның лауазымды адамдарының өкілеттігін, сайлану тәртібін және жауапкершілігін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бап өзгертілді; 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1) айқын басым көпшілік - акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының жалпы санының кемінде төрттен үш бөлігі мөлшеріндегі көпшілік;
2) айырбасталатын бағалы қағаз - акционерлік қоғамның шығарылым проспектісімен айқындалатын талаптар мен тәртіп арқылы оның бағалы қағазының басқа түріне айырбасталуға жататын бағалы қағазы;