Мемлекеттің қатысуымен жобалық қаржыландыру кезінде базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау және қызметін жүзеге асыру шарттарының қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 532 Қаулысы
«Жобалық қаржыландыру мен секьюритилендіру туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы Заңының 6-9-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттің қатысуымен жобалық қаржыландыру кезінде базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау және қызметін жүзеге асыру шарттарының қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 26 сәуірдегі
№ 532 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттің қатысуымен жобалық қаржыландыру кезінде базалық шарт бойынша уақытша
орындаушыны таңдау және қызметін жүзеге асыру шарттарының
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттің қатысуымен жобалық қаржыландыру кезінде базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау және қызметін жүзеге асыру шартарының қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 6-9-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және базалық шарт бойынша уақытша орындаушыны таңдау тәртібін, сондай-ақ оның қызметін жүзеге асыру шарттарын анықтайды.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) базалық шарт - ол бойынша бір тарап мүлікті түзуге және екінші тарапқа беруге немесе түзілген мүлікті пайдалану үдерісінде қызметтер көрсетуге және (немесе) тауарлар өндіруге және (немесе) жұмыстар орындауға міндеттеме алатын жазбаша келісім;