Парниктік газдардың шығарындыларын және озонды бұзатын заттарды тұтынуды түгендеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 13 желтоқсандағы № 348-ө бұйрығы
Осы редакция 2012 жылғы 25 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабындағы 30-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдардың шығарындыларын және озонды бұзатын заттарды тұтынуды түгендеу ережесі бекітілсін.
2. Осы бұйрық ол алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Қоршаған ортаны қорғау министрінің
2007 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 348-ө бұйрығымен бекітілген
Парниктік газдар шығарындыларын және озон қабатын бұзатын
заттарды тұтынуды түгендеу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Парниктік газдар шығарындыларын және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынуды түгендеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес әзірленген және парниктік газдар шығарындыларын және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынуды түгендеу тәртібін анықтайды.
2. Парниктік газдардың шығарындыларын және озонды бұзатын заттарды түгендеудің негізгі мақсаттары болып мыналар табылады:
парниктік газдар шығарындыларының және озонды бұзатын заттардың атмосфералық ауаға әсер ету дәрежесін бағалау және парниктік газдардың атмосфераға шығарындыларының кәсіпорын бойынша тұтастай да, жеке көздер бойынша да жол берілетін шекті нормативтерін белгілеу үшін бастапқы деректерді алу;
парниктік газдар шығарындыларының және озонды бұзатын заттардың сандық және сапалы сипаттамаларын анықтау;
мемлекеттік есепке алу;
кәсіпорында шикізат ресурстарын және пайдаланудың және қалдықтарды кәдеге жаратудың тиімділігін бағалау;
атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау.