Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы № 435-II Заңы
(2009.30.12. берілген толықтырулармен)
Осы редакция 2012 жылғы 5 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1-7 баптар)
2-тарау. Жекеше нотариустардың жауапкершілігін (8-14 баптар)
міндетті сақтандыру шарты
3-тарау. Сақтандыру сомасы және сақтандыру сыйлықақысы (15-17 баптар)
4-тарау. Сақтандыру жағдайы және сақтандыру төлемі (18-21 баптар)
5-тарау. Қорытынды ережелер (22-23 баптар)
Осы Заң жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға;
2) жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi - жекеше нотариустың нотариаттық iс-әрекеттердi жасаудың нәтижесiнде келтiрiлген зиянды өтеуiнiң Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген мiндетi;
3) сақтанушы - сақтандырушымен жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан жекеше нотариус;
4) сақтандыру төлемi - сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы;