Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру
және орындау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 2219 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 9 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 7-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының қорғанысы және қауіпсіздігінің қажеттері үшін мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, қаржыландыру және орындау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 6 тамыздағы № 881 қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 6 тамыздағы № 881 және 2002 жылғы 12 қыркүйектегі № 996 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 желтоқсандағы № 1235 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 46, 505-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 2219 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын
қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесі
Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау рәсімдерін реттейді.
Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру
2. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру тиісті жылға арналған республикалық бюджетте көзделген осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегінде жүргізіледі.