Қарағанды облысындағы жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшерін белгілеу туралы
Бірлескен Қарағанды облысы әкімдігінің 2013 жылғы 12 наурыздағы № 14/05 Қаулысы және Қарағанды облыстық мәслихатының 2013 жылғы 28 наурыздағы № 141 шешімі
(2024.06.07. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 50-бабының 5-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына және 27-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қарағанды облысының мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Қарағанды облысындағы жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшері қосымшаға сәйкес белгіленсін.
2. Қарағанды облысы әкімдігінің 2012 жылғы 23 тамыздағы «Жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшерін белгілеу туралы» № 40/04 қаулысы жойылсын.
3. Осы бірлескен Қарағанды облысы әкімдігі қаулысының және Қарағанды облыстық мәслихаты шешімінің орындалуын бақылау ауыл шаруашылығын дамыту, жер қатынастары, табиғатты пайдалану мәселелерін үйлестіретін облыс әкімінің орынбасарына және облыстық мәслихаттың өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық мәселелер және экология жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.