Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 наурыздағы № 773 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы
ҚР Президентінің 2019 жылғы 18 қыркүйектегі № 163 Жарлығымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 наурыздағы № 773 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі туралы ереже осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2013 жылғы мамырдың 3-ы.
№ 559
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 3 мамырдағы
№ 559 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2009 жылғы 26 наурыздағы
№ 773 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының
«Сырбар» Сыртқы барлау қызметі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі (бұдан әрі - «Сырбар» қызметі) Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті мен Үкіметін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мемлекеттік ұйымдарын тиісті ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ саяси, әскери-саяси, қаржылық-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын өзге де салаларда мемлекет басшылығының саясатын іске асыруға жәрдемдесу мақсатында барлау қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының, арнаулы мемлекеттік органы болып табылады.