Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерін даярлауды, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2013 жылғы 16 шілдедегі № 449 бұйрығы
ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 17 қарашадағы № 934 бұйрығымен күші жойылды
«Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерін даярлауды, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) бекітілсін.
2. Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) комитеттерінің төрағалары, департаменттерінің және өзге де құрылымдық бөліністерінің, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының және Көліктегі ішкі істер департаменттерінің, облыстардың және Астана қаласының қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің және Министрліктің білім беру ұйымдарының бастықтары жеке құрамның Нұсқаулықты зерделеуін және оның талаптарын орындауын қамтамасыз етсін және ұйымдастырсын.
3.Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің:
1) «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлері мен Ішкі әскерлердің әскери қызметшілерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру үшін шетелге жіберу ережесін бекіту туралы» 2003 жылғы 18 желтоқсандағы № 726;
2) «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлері мен Ішкі әскерлердің әскери қызметшілерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру үшін шетелге жіберу туралы ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2003 жылғы 18 желтоқсандағы № 726 бұйрығына өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы» 2008 жылғы 16 қаңтардағы № 11қбпү;
3) «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкерлерін оқытуға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жіберудің ұйымдастырушылық мәселелері туралы» 2009 жылғы 30 маусымдағы № 245 бұйрықтарының күші жойылсын.