Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға арналған субсидиялау қағидаларын бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 35 Қаулысы
Осы редакция 2013 жылғы 14 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» 1998 жылғы 9 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 16-4-бабына сәйкес және асыл тұқымды өнiммен (материалмен) қамтамасыз етуде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Қоса берiлiп отырған Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға арналған субсидиялау қағидалары бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 25 қаңтардағы
№ 35 қаулысымен
бекітілген
Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға арналған субсидиялау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) асыл тұқымды мал үлесін және ауыл шаруашылығы малының өнімділік сапасын арттыру мақсатында отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (бұдан әрі - тауар өндірушілер), мал шаруашылығындағы асылдандыру ісі жөніндегі республикалық мал тұқымын асылдандыру орталығына (бұдан әрі - республикалық мал тұқымын асылдандыру орталығы), қостанай жылқы тұқымы жөніндегі асыл тұқымды жылқы зауытына, етті құс шаруашылығы жөніндегі асыл тұқымды репродукторға, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат және іс-шаралар есебінен және шегінде бюджеттік субсидия беру (бұдан әрі - субсидиялар) тәртібін айқындайды.
2. Субсидиялануға тиіс бағыттар:
1) тауар өндірушілердің ірі қара малдың асыл тұқымды төлін сатып алуы;