Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және сертификатты қайта ресімдеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 мамырдағы № 585 Қаулысы
(2013.27.08. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2013 жылғы 24 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 94-4-бабының 4-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және сертификатты қайта ресімдеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 7 мамырдағы
№ 585 қаулысымен
бекітілген
Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және сертификатты қайта ресімдеу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және сертификатты қайта ресімдеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 94-4-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және парниктік газдар шығарындыларына квоталарды өзгерту және сертификатты қайта ресімдеу тәртібін анықтайды.
2. Есептік кезеңге арналған парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары (бұдан әрі - ұлттық жоспар) негізінде берілген парниктік газдар шығарындыларына квоталар көлемі мынадай жағдайларда қайта қаралады:
1) есепті кезең ішінде қондырғылардың сипатында немесе жұмыс істеуінде жоспарланған өзгерістер;
2) есепті кезең ішінде парниктік газдар шығарындыларының жаңа көздерін енгізу.
3. Парниктік газдар шығарындыларына сертификат қондырғы операторы ауысқан (заңды тұлға иеліктен шығарылған, қайта ұйымдастырылған, ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы өзгерген) жағдайда парниктік газдар шығарындыларына бұдан бұрын берілген квоталар өзгертілмей қайта ресімделеді.