Республикалық мемлекеттік почта байланысы кәсіпорнын және оның еншілес мемлекеттік кәсіпорындарын қайта ұйымдастыру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 20 желтоқсан № 1940 Қаулысы
Осы редакция 2013 жылғы 5 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының почта саласын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Республикалық мемлекеттік почта байланысы кәсіпорны және оның еншілес мемлекеттік кәсіпорындары мемлекеттің 100 проценттік қатысуымен «Қазпочта» ашық акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қазпочта) болып қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазпочта акцияларының мемлекеттік пакетін «Қазақстан Халықтық Жинақ Банкі» ашық акционерлік қоғамының басқаруына берудің және почта-жинақ жүйесін қалыптастыру стратегиясын әзірлеудің шарттарын белгілеу мақсатында қосымшаға сәйкес құрамда комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.
3. Комиссия 1999 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімде:
1) шарттарының бірі ретінде басқару мерзімін «Қазақстан Халықтық Жинақ Банкі» ААҚ-ында акциялардың мемлекеттік пакетін 50 процент қосылған бір акция мөлшерінде сақтауға дейін көзделген, Қазпочта акцияларының мемлекеттік пакетін басқаруға беру талаптарын белгілесін;
2) аудандық деңгейде және ауылдық жерлерде «Қазақстан Халықтық Жинақ Банкі» ашық акционерлік қоғамының активтер құнын бағалауды жүргізсін;
3) почта-жинақ жүйесін дамыту стратегиясын әзірлесін және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне ұсынсын.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңдарда белгіленген тәртіппен:
1) Қазпочтаның жарғысын бекітсін және оның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) Комиссия белгілеген шарттар негізінде Қазпочта акцияларының мемлекеттік пакетін басқаруға «Қазақстан Халықтық Жинақ Банкі» ашық акционерлік қоғамымен шарт жасассын;
3) осы қаулыны жүзеге асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын.