Қазақстан Республикасының
Заңы
«Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы
Осы редакция 2014 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің құқықтық мәртебесін және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару ерекшеліктерін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дербес кластерлік қор (бұдан әрі - Қор) - «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органы болып табылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындайтын коммерциялық емес ұйым;
2) «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы - Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес құрылған, ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақ;
3) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері (бұдан әрі - инновациялық кластер) - өзара іс-қимыл жасау және қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, зерттеулер жүргізу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою және ақпарат тарату арқылы индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыруға арналған инновациялық кластер қатысушыларының бірлестігі;
4) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері қатысушысының жобасы (бұдан әрі - қатысушының жобасы) - жаңа немесе жетілдірілген өндірістерді, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жасауға бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені.
2-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасы