«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 2013 - 2022 жылдарға арналған даму стратегиясын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 желтоқсандағы № 1409 Қаулысы
Осы редакция 2015 жылғы 27 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 184-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 2013 - 2022 жылдарға арналған даму стратегиясы бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 1409 қаулысымен
бекітілген
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының
2013 - 2022 жылдарға арналған даму стратегиясы
Кіріспе.
1. Ағымдағы жағдайды талдау.
2. Миссиясы, пайымдау.
3. Қызметтің стратегиялық бағыттары, мақсаттары, қызметтің негізгі көрсеткіштері және күтілетін нәтижелер.
Кіріспе
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - компания) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 тамыздағы № 822 қаулысына сәйкес құрылды, компанияның жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысады. Мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі жүзеге асырады.
Осы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 2013 - 2022 жылдарға арналған даму стратегиясы (бұдан әрі - Стратегия) алдағы 10 жылға арналған оның стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын және қызмет нәтижелерінің көрсеткіштерін айқындайды және негізгі бағыттар ескеріле отырып әзірленді:
1) «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы1;
2) Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары2;