Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1198 Қаулысы
(2017.30.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2021 жылғы 18 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 64-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1198 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 64-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту тәртібін белгілейді.
ҚР Үкіметінің 2017.30.06. № 405 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) уәкілетті комиссия - Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарайтын комиссия, оның ережесі мен құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;
1-1) уәкілетті мемлекеттік органдар - мемлекеттік жоспарлау, еңбек, инвестициялар және даму саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;