Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 10 тамыздағы № 768 бұйрығы
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 153-1 бабының 3-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі | Е. Сарсембаев |
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2026 жылғы 10 тамыздағы
№ 768 бұйрығымен
бекітілген
Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 153-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және жеке сот орындаушысын уақытша алмастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі (бұдан әрі - Цифрлық жүйе) - атқарушылық іс жүргізуді есепке алуды электрондық нысанда жүзеге асыруға, сот орындаушысының процестік әрекеттерін автоматтандыруға, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу тараптарының атқарушылық іс жүргізу барысында деректер алуына арналған цифрлық жүйе;