Осы редакция 2015 жылғы 20 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 18 маусымдағы
№ 229 бұйрығына
5-қосымша
Отбасы үлгісіндегі балалар үйі қызметінің
үлгілік қағидалары
1. Негізгі ережелер
1. Осы Отбасы үлгісіндегі балалар үйі қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - қағида) Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысына (бұдан әрі - Үлгілік қағида) сәйкес әзірленген және Отбасы үлгісіндегі балалар үйлері қызметінің (бұдан әрі - балалар үйі) тәртібін белгілейді.
2. Отбасы үлгісіндегі балалар үйінің негізгі міндеті отбасы жағдайында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге, оқытуға, сауықтыруға және өз бетінше өмір сүруге қажетті жағдай жасау болып табылады.
3. Тәрбиеші - жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге алатын тұлға.
4. Балалар үйі жергілікті атқарушы органдар шешімімен құрылады.
5. Балалар үйі - 4-тен кем емес және 10-нан артық емес жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдаған отбасы.
Медициналық көрсеткіштер бойынша немесе басқа бір себептермен бұл балаларды тәрбиелеу мен оқыту бөлек жүзеге асырылуы тиіс болатын жағдайларды қоспағанда, бір отбасының мүшелері немесе туыстық қатынастағы балалар бір білім беру ұйымына жіберіледі.
Отбасы үлгісіндегі балалар үйіндегі жалпы бала саны (туған балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар) 10-нан аспайтын болуы керек.