Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 26 қаңтардағы № 76 бұйрығы
«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 46-2-бабының 2-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі | Е. Сарсембаев |
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2026 жылғы 26 қаңтардағы
№ 76 бұйрыққа қосымша
Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарға қойылатын
біліктілік талаптар
1. Осы біліктілік талаптары «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабының 3-тармағында көзделген ұжымдық басқару салаларында қызметті жүзеге асыруға аккредиттеу туралы куәлік алуға үміткер құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдарына қойылатын талаптарды белгілеу мақсатында әзірленді.