Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 29 шілдедегі № 571 Қаулысы
(2025.16.12. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 122-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1-тармақ 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | О. Бектенов |
Қағида 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 29 шiлдедегi
№ 571 қаулысымен
бекітілген
Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі (бұдан әрі - Бюджет кодексі) 122-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және есепті қаржы жылында республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну тәртібін айқындайды.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепте республикалық бюджеттің түсімдері және шығыстарын қаржыландыру бойынша есепті қаржы жылында жүргізілген барлық операция көрсетіледі.
Есепті қаржы жылында республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп бекітілген, нақтыланған, түзетілген бюджеттердің көрсеткіштерін көрсетеді.
Түзетілген бюджетте бекітілген (нақтыланған) республикалық бюджет көрсеткіштерінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары және өзге де нормативтік құқықтық актілер негізінде өзгеруі ескеріледі.