Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2024 жылғы 22 қаңтардағы
№ 26 бұйрығымен
бекітілген
«Тыңайтқыштардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар»
техникалық регламенті
1-тарау. Қолданылу аясы
1. Осы «Тыңайтқыштардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті (бұдан әрі - техникалық регламент) «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Техникалық реттеу туралы заң) 8-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және минералды, органикалық-минералды, органикалық тыңайтқыштарға және топырақ жақсартушы заттарға (бұдан әрі - тыңайтқыштар), сондай-ақ олардың өмірлік циклі процестеріне қолданылады.
2. Техникалық регламент қолданылатын тыңайтқыштардың тізбесі және Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жіктеуіш бойынша олардың кодтары осы техникалық регламентке 1-қосымшада көрсетілген.
3. Тыңайтқыштарға байланысты тәуекелдер мынадай қауіпті факторлармен шартталады:
минералды тыңайтқыштар үшін:
1) жанғыштығы;
2) тотықтырғыштық әсері;
3) коррозиялық әсері;
4) уыттылығы;
5) көзді зақымдауы;
6) теріні жеуі;
7) көз бен теріні тітіркендіруі;
8) қоршаған сулы орта үшін қауіптілігі;
9) қоршаған ауа ортасы және топырақ үшін қауіптілігі;
10) радиоактивті сәуле шығаруы (фосфорлы тыңайтқыштар және топырақ жақсартушы заттар үшін);
органикалық және органикалық-минералды тыңайтқыштар үшін:
1) бактериологиялық;
2) паразитологиялық;
3) энтомологиялық.
2-тарау. Терминдер мен айқындамалар
4. Осы техникалық регламентте тиісті айқындамаларымен бірге мынадай терминдер пайдаланылады:
1) азотты тыңайтқыш - құрамында өсімдіктерге сіңетін нысандағы азоты бар тыңайтқыш;
2) дайындаушы - Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, өз атынан өнім өндіруді немесе өндіру мен өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;