«Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымына зерттеу университеті мәртебесін беру және оның Даму бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 желтоқсандағы № 1051 Қаулысы
(2017.08.06. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2024 жылғы 2 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Ғылым туралы» 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымына зерттеу университеті мәртебесі берілсін.
2. Қоса беріліп отырған «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымы зерттеу университетінің 2016 - 2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілсін.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 1051 қаулысымен
бекітілген
«Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымы зерттеу университетінің 2016 - 2020 жылдарға арналған
даму бағдарламасы
1. Кіріспе
Қазіргі әлемде әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттерінің, көшбасшы университеттердің елдің жоғары білім беру жүйесін дамыту, оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін және білімге негізделген экономикаға көшуін қамтамасыз ету үшін маңызы өте зор.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында зерттеу университеттерін айқындау үшін Карнеги Қоры (Carnegie Foundation) «АҚШ-тың жоғары білім беру мекемелерінің сыныптамасын» әзірледі, онда зерттеу университетінің мынадай өлшемшарттары берілген:
1) университетте докторантураның болуы, оның ішінде олар бойынша PhD дәрежесі берілетін ғылыми бағыттардың белгілі бір саны;
2) университет алған федералдық ғылым және білім гранттарының айқындалған көлемі;
3) университетте бакалаврларды даярлау бағдарламаларының болуы;