Нивелирлеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 16 наурыздағы № 94/НҚ бұйрығы
«Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 28) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Нивелирлеу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін;
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі | Б. Мусин |
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі 2023 жылғы
16 наурыздағы № 94/НҚ бұйрыққа
қосымша
Нивелирлеу жөніндегі нұсқаулық
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Нивелирлеу жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 13-бабының 28) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «бағыттау» тәсілі - көлденең қалыпқа келтірілген нивелирмен көздеу құбырының жіптерінің торы таяудағы тіректің бөліністеріне бағытталатын тірек бойынша санау тәсілі;
2) Балтық биіктік жүйесі - КСРО-да қабылданған қалыпты биіктік жүйесі, оларды санау Кронштадт футштоктың нөлінен жүргізіледі;