Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2025 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 477 бұйрығына
9-қосымша
«Қоғамдық тамақ өнімдерін өндіру» кәсіптік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Қоғамдық тамақтану өнімдерін өндіру» кәсіптік стандарты «Кәсіби біліктіліктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген және жұмысшылардың біліктілігіне қойылатын талаптарды, сондай-ақ олардың кәсіби құзыреттерін реттейді.
«Қоғамдық тамақтану өнімдерін өндіру» кәсіптік стандарты технологиялық үдерістер, сапаны бақылаумен байланысты қызмет түрлерін және қоғамдық тамақтану өнімдерін өндіру саласындағы процестерді ұйымдастыруды қамтиды. Бұл стандарт жұмысшылардың кәсіби құзыреттері мен олардың біліктілігін айқындауға арналған, соның нәтижесінде саладағы қызметтің тиімділігі мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ол қоғамдық тамақтану өнімдерін өндіру саласындағы мамандардың кәсіби дамуы үшін маңызды құрал болып табылады.
Стандарт қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін аспазшыларға, технологтарға, менеджерлерге және өзге де мамандарға қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді. Ол кәсіби даярлау бағдарламаларын әзірлеуге, қызметкерлерді аттестаттау мен сертификаттауға, сондай-ақ қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында тиімді жұмыс үдерісін ұйымдастыруға негіз болып табылады. Кәсіби стандарт қоғамдық тамақтану саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, жұмысшылардың біліктілігін жоғарылатуға және сала кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) Азық-түлік өнімдері - өсімдіктерден немесе жануарлардан алынған, кейбір жағдайларда минералдан алынған, адам тамақ үшін тұтынатын және қорытуға қабілетті азық-түлік немесе өнімдер;