Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 25 қарашадағы № 145 бұйрығы
Осы редакция 2018 жылғы 15 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабының 1-7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің үлгілік қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде оның мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялауға бұқаралық ақпарат құралдарына және «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйеге жолдануын;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілсін.
Казахстан Республикасы
Энергетика министрінің
2014 жылғы 25 қарашадағы
№ 145 бұйрығымен
бекітілген
Коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің
үлгілік қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабының 1-7) тармақшасына сәйкес әзірленді және коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің тәртібін анықтайды.