Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 128 бұйрығы
(2015.15.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2016 жылғы 21 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы Заңының 4-бабының 15) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесі бекітілсін.
2. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (М.Ә. Бектемесов):
1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
3. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.Қ. Орынхановқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 128 бұйрығына 1-қосымша
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру
ережесі
1. Осы Ереже «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы Заңының 4-бабының 15) тармақшасына сәйкес әзірленген және ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) берудің тәртібін анықтайды.
2. Қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атақтарын білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының (бүдан әрі - ЖОО) Ғылыми кеңестерінің (бұдан әрі - Ғылыми кеңестер) кандидатуралар ұсынуы негізінде аталған ұйымдардың қызметкерлеріне береді.