Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2025 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 477 бұйрығына
8-қосымша
«Өндірілген тамақ өнімдерін өткізу менеджменті»
кәсіптік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Өндірілген тамақ өнімдерін өткізу менеджменті» кәсіптік стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және тамақ өнімдерін сату және өткізу процестерін басқарумен айналысатын мамандардың біліктілігіне қойылатын талаптарды реттейді. Кәсіби стандарт қажетті басқару сапасын қамтамасыз ете отырып, тамақ өнеркәсібі саласындағы өнімді сатумен байланысты қызметтің кең спектрін қамтиды.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) Білім - кәсіби тапсырманы орындау аясында әрекеттерді жүзеге асыру үшін қажетті зерттелген және меңгерілген ақпарат;
2) Дағды - кәсіби тапсырма аясында жекелеген бір реттік әрекеттерді дене күшімен және (немесе) ой еңбегімен орындау қабілеті;
3) Дистрибуция - бұл әртүрлі сатып алушылар арасында материалдық ағынды бөлу процесінде жүзеге асырылатын өзара байланысты функциялар жиынтығы;
4) Контрагент - (лат. contrahens - қарсы; contra - қарсы + agens - белсенді; contrahere өзара қарсы) азаматтық-құқықтық қатынастардағы шарт тараптарының бірі;
5) Кәсіби біліктілік - кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындау үшін талап етілетін құзыреттерді меңгеруді сипаттайтын кәсіби даярлық дәрежесі;
6) Кәсіптік стандарт - белгілі бір кәсіби қызмет саласында біліктілік пен құзыреттілік деңгейіне, білімнің формалды және (немесе) бейресми, және (немесе) информалды түрлерін ескере отырып, жалпы білімге, іскерлікке, дағдыларға, жұмыс өтіліне, сондай-ақ еңбектің мазмұнына, сапасына және жағдайына қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін жазбаша ресми құжат;
7) Машық - кәсіби тапсырманы толық орындауға мүмкіндік беретін білім мен дағдыларды қолдану қабілеті;
8) Құзырет - еңбек функциясын құрайтын бір немесе бірнеше кәсіби тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін дағдыларды қолдану қабілеті;