Введите номер документа
Прайс-лист

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 19 мамырдағы № 290-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Скачать в Word

Скачать документ в формате .docx

Информация о документе
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 19 мамырдағы № 290-VIII Заңы (қолданысқа енген жоқ)

Документ входит в комплект(ы):

Документы на государственном языке, Мастер, СтройМастер, Профессиональная правовая информация, Юрист-VIP

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ЗАҢЫ

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы

 

 

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы

3-бап. Осы Заңның мақсаты мен міндеттері

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының қағидаттары

5-бап. Мемлекеттік қызмет және оның біртұтастығы

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ МАҚСАТЫ ЖӘНЕ ОНЫ ӨТКЕРУ

6-бап. Мемлекеттік қызметтің мақсаты мен ерекшеліктері

7-бап. Мемлекеттік қызметті өткеру негізі

8-бап. Қазақстандық патриотизм

9-бап. Кәсібилік

10-бап. Клиентке бағдарлану

11-бап. Ашықтық

12-бап. Әдептілік, мінсіз бедел

13-бап. Құқық бұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына төзбеушілік

14-бап. Мемлекеттік қызметті өткеруге байланысты шектеулер

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ

15-бап. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі

16-бап. Мемлекеттік қызметшінің негізгі құқықтары

17-бап. Мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеттері

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУГЕ ДАЯРЛАУ

18-бап. Мемлекеттік қызметке кіруге даярлау

19-бап. Төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлау

20-бап. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлау

5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУ

21-бап. Мемлекеттік қызметке кіру шарттары

22-бап. Арнайы тексеру

23-бап. Мемлекеттік лауазымдарды сыныптау және біліктілік талаптары

24-бап. Мемлекеттік қызметтің кадр резерві

25-бап. Саяси мемлекеттік лауазымға орналасу

26-бап. Мемлекеттік лауазымға сайлану

27-бап. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу

28-бап. «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу

29-бап. Мемлекеттік органды құру кезеңінде Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа қабылдау

30-бап. Мемлекеттік қызметке кіруді ресімдеу

6-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ

31-бап. Мемлекеттік қызметшінің ант беруі

32-бап. Жұмыс орны

33-бап. Лауазымдық нұсқаулық

34-бап. Тәлімгерлік

35-бап. Лауазымдық орын ауыстыру және мемлекеттік қызметте ілгерілету

36-бап. «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына ауысу тәртібімен орналасу

37-бап. Мемлекеттік қызметшілерді ротациялау

38-бап. Мемлекеттік қызметшілерді іссапарға жіберу

39-бап. Міндеттерді уақытша жүктеу

40-бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту

41-бап. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы

42-бап. Мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау

43-бап. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау

44-бап. Мемлекеттік қызметті өткерудің өзге де мәселелері

7-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ КЕПІЛДІКТЕРІ

45-бап. Құқыққа сыйымсыз әрекеттерден қорғау

46-бап. Жұмыс уақытының режимі

47-бап. Жұмыс уақыты режимімен байланысты кепілдіктер

48-бап. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу

49-бап. Мемлекеттік қызметшілердің демалыстары

50-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты кепілдіктер

51-бап. Мемлекеттік органды көшіру

52-бап. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары

53-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде мемлекеттік қызметті өткеру ерекшеліктері

54-бап. Мемлекеттік қызметшілерді зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру

55-бап. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік іссапарлар кезіндегі кепілдіктері мен өтемақылары

56-бап. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналының кепілдіктері мен өтемақылары

57-бап. Мемлекеттік қызметшілерді әскери қызметке шақыру кезіндегі кепілдіктер

8-тарау. ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП

58-бап. Қызметтік тәртіп

59-бап. Көтермелеу

60-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы

61-бап. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылықтары және тәртіптік жазалар

62-бап. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар

63-бап. Тәртіптік жаза қолданудың негіздері мен шарттары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту кезінде олардың құқықтарына берілетін кепілдіктер

64-бап. Тәртіптік жаза қолдану және оның мерзімдері

65-бап. Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету

66-бап. Тəртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шаралары

9-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУ

67-бап. Мемлекеттік қызметті тоқтату негіздері

68-бап. Мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығару (өкілеттігін тоқтату) тəртібі мен шарттары

69-бап. Саяси мемлекеттік қызметшілердің орнынан түсуі

70-бап. Сайланған мемлекеттік қызметшілердің орнынан түсуі

71-бап. Мемлекеттік қызметке жəне (немесе) лауазымға қайта орналасу

10-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ПЕРСОНАЛЫН БАСҚАРУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

72-бап. Мемлекеттік қызмет персоналын басқаруды ұйымдастыру

73-бап. Кадрлық жоспарлау

74-бап. Уəкілетті комиссия жəне өзге де комиссиялар

75-бап. Уəкілетті орган

76-бап. Мемлекеттік органдардың басшылары, əкімдер, аппарат басшылары

77-бап. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі)

78-бап. Құқық бұзушылық профилактикасы қызметі. Əдеп жөніндегі уəкіл

11-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗУ СЕБЕПТЕРІН МОНИТОРИНГТЕУ ЖƏНЕ ТАЛДАУ

79-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау

80-бап. Тексерудің жалпы мəселелері

81-бап. Тексеру жүргізу тəртібі

82-бап. Уəкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамдары тексеру жүргізу кезінде анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша қабылдайтын шаралар

83-бап. Тексерудің жарамсыздығы

84-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу себептерін мониторингтеу жəне талдау

12-тарау. МЕМЛЕКЕТТІҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІН ІСКЕ АСЫРУҒА ЖƏРДЕМДЕСУ

85-бап. Мемлекеттік органдардың функциялары мен міндеттерін іске асыруға жəрдемдесуді жүзеге асыратын адамдар

86-бап. Келісімшарттық қызметшілер

87-бап. Шетелдік жұмыскерлер

88-бап. Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдар

89-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқаратын адамдар

13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

90-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тəртібі

 

 

 

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

 

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдары - осы Заңда және саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнаулы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі әкімшілік мемлекеттік лауазымдар;

2) әкімшілік мемлекеттік қызметші - Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдарда лауазымдық өкілеттікті орындау жөніндегі өз қызметін тұрақты кәсіптік негізде «А» және «Б» корпустарының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарында жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші;

3) әкімшілік мемлекеттік лауазымның санаты - саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес әкімшілік мемлекеттік лауазымдар жиынтығы;

4) басшы мемлекеттік лауазым (бұдан әрі - басшы лауазым) - қарамағында мемлекеттік қызметшілер болатын және олардың қызметін ұйымдастыру өкілеттігі берілген мемлекеттік лауазым;

5) «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдары - саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген, мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық, талдамалық, қаржылық-экономикалық және өзге де функционалдық сүйемелдеуді, мемлекеттің функциялары мен міндеттерін тиісті мемлекеттік орган өкілеттігінің шегінде іске асыруды қамтамасыз ететін және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жатпайтын әкімшілік мемлекеттік лауазымдар;

6) бонус - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшінің қызметін бағалау нәтижесі бойынша оған белгіленетін ақшалай төлем;

7) біліктілік талаптары - мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына білімі, жұмыс тәжірибесі және құзыреттері бойынша қойылатын талаптар;

8) жұмыс орны - мемлекеттік қызметші тұрақты немесе уақытша болатын, құрылымдық тұрғыдан бөлінген және ұйымдастырылған және оның лауазымдық өкілеттікті орындауына арналған, оның ішінде мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған және ұйымдастырылған орын;

9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет ардагері - мемлекеттік қызметтегі өтілі кемінде жиырма бес жыл болатын, мінсіз беделі бар, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес зейнеткерлік жасқа толған не зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін мемлекеттік қызметте болуы осы Заңға сәйкес ұзартылған адам;

10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) - мемлекеттік органдарда ақы төленетін мемлекеттік лауазымдарды атқаратын және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген мемлекеттік қызметтің мақсаты мен ерекшеліктеріне сәйкес мемлекеттің функциялары мен міндеттерін және (немесе) мемлекеттік органдардың өкілеттігін іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсіптік қызметі;

11) қызметтік қажеттілік - мемлекеттік органның өкілеттігін үздіксіз және тиімді орындауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс сипатын немесе көлемін, еңбек жағдайларын уақытша өзгертуді талап ететін мән-жайлар немесе жағдайлар;

12) лауазымды адам - тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша мемлекеттік органдарда билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;

13) лауазымдық өкілеттік - нақты мемлекеттік лауазымда көзделген, мемлекеттік қызметшілер өз қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге сай келетін құқықтар және міндеттер;

14) мемлекеттік қызметтің кадр резерві - қажетті кәсіби және жеке қасиеттерге ие Қазақстан Республикасы азаматтарының кейіннен бос мемлекеттік лауазымдарға орналасуына, сондай-ақ мемлекеттік органдарды білікті мамандардың қажетті санымен жасақтауға арналған, белгіленген тәртіппен қалыптастырылған тізбесі;

15) мемлекеттік қызметші - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттердің қаражатынан не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатынан ақы төленетін, саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыру жөніндегі лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;

16) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі - қызметтік әдеп) - мемлекеттік қызметшілердің осы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгіленген, әдеп қағидаттары мен қызметтік әдеп стандарттары көзделетін мінез-құлық қағидалары;

17) мемлекеттік қызметшінің құзыреті - нақты мемлекеттік лауазымда кәсіптік қызметті тиімді орындау үшін қажетті білімнің, машықтар мен дағдылардың жиынтығы;

18) мемлекеттік қызметшінің тікелей басшысы - мемлекеттік лауазымы бойынша жоғары тұрған, мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық нұсқаулығына сәйкес оның тікелей қарамағында болатын адам;

19) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыратын орталық мемлекеттік орган;

20) мемлекеттік лауазым - мемлекеттің функциялары мен міндеттерін және (немесе) мемлекеттік органдардың өкілеттігін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген лауазымдық өкілеттік шеңбері жүктелген, сондай-ақ саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне енгізілген мемлекеттік органның құрылымдық штат бірлігі;

21) мемлекеттік орган басшысы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда орталық мемлекеттік органның, оның ведомствосының, олардың аумақтық бөлімшелерінің басшысы, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, тексеру комиссиясының төрағасы, мемлекеттік орган болып табылатын аппараттың басшысы;

22) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі (бұдан әрі - келісімшарттық қызметші) - түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органға осы Заңда көзделген ерекшеліктері бар келісімшарт бойынша тартылған Қазақстан Республикасының азаматы;

23) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісінің келісімшарты - мемлекеттік орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы оның құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайларын, сондай-ақ еңбек нәтижесімен (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) өзара байланысты еңбекке ақы төлеу жағдайларын, еңбек нәтижесіне (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін және басқа да жеке жағдайларды белгілейтін еңбек шарты;

24) мемлекеттік цифрлық кадр жүйесі - мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының жұмыскерлері туралы мәліметтерді жинауға, сақтауға, өңдеуге, пайдалануға, беруге және талдауға, персоналды басқару функцияларын жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын мониторингтеуге арналған мемлекеттік цифрлық жүйе;

25) сайланатын мемлекеттік лауазым - Қазақстан Республикасының азаматы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланатын әкім лауазымы;

26) сайланған мемлекеттік қызметші - сайланатын мемлекеттік лауазымды атқаратын Қазақстан Республикасының азаматы;

27) саяси мемлекеттік қызметші - Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Құрылтайы, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де адамдар (органдар) лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және (немесе) іске асыруға қатысатын және оның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге саяси жауапты болатын адам;

28) төменгі лауазым - «Б» корпусының мемлекеттік органның штат кестесіне сәйкес төмен тұрған мемлекеттік лауазым болатын әкімшілік мемлекеттік лауазымы;

29) уақытша бос мемлекеттік лауазым - мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің іссапарға жіберілуіне, әлеуметтік демалыста не оқуда болуына, лауазымдық өкілеттігін орындаудан уақытша шеттетілуіне, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес өзіне қатысты үйқамақ не күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының қолданылуына, ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты оның болмауы кезеңіндегі осы бос мемлекеттік лауазым;

30) үстемеақы - мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен белгіленетін лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;

31) штат кестесі - мемлекеттік органның ұйымдық құрылымын, құрамын және мемлекеттік лауазымдарының санын белгілейтін құжат;

32) іссапарға жіберу - мемлекеттік қызметшінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен басқа мемлекеттік органда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесінде мемлекеттік лауазымды және өзге де ұйымда лауазымды атқаруы.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінен, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Осы Заңның күші:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында немесе өзге де заңдарында өздері үшін өзге құқықтық мәртебе айқындалған жағдайларды қоспағанда, барлық мемлекеттік қызметшілерге;

2) құқық қорғау органдарына және азаматтық қорғау органдарына қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтарына тестілеуден өту және жеке қасиеттерін бағалау бөлігінде;

3) құқық қорғау қызметін, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті, әскери қызметті, азаматтық қорғау органдарындағы қызметті қоса алғанда, мемлекеттік қызметтің ерекше түрлерінде қызмет өткеретін саяси мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ерекшеліктермен;

4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның саяси мемлекеттік қызметшілеріне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ерекшеліктермен;

5) мемлекеттік қызметтің кадр резервінде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарына және мемлекеттік қызметке кіруге даярлықтан өтіп жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарына осы Заңда реттелген бөлікте;

6) мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуді жүзеге асыратын адамдарға, сондай-ақ еңбек шарты негізінде мемлекеттік органдарда қызметін жүзеге асыратын адамдарға осы Заңда реттелген бөлікте қолданылады.

 

3-бап. Осы Заңның мақсаты мен міндеттері

1. Осы Заңның мақсаты - мемлекеттік қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу.

2. Осы Заңның міндеттері:

1) мемлекеттік қызметтің мақсатын, оның ерекшеліктерін және мемлекеттік қызмет өткеру негіздерін айқындау;

2) мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы өзге де адамдардың мәртебесін, құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін, құқықтық, әлеуметтік және өзге де кепілдіктерін реттеу;

3) мемлекеттік қызметке кірудің, оны өткерудің және тоқтатудың құқықтық негіздерін белгілеу;

4) мемлекеттік қызметтің персоналын басқарудың ұйымдастырушылық негіздерін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу себептерін мониторингтеуді және талдауды жүзеге асыру тәртібін айқындау.

 

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының қағидаттары

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы мынадай қағидаттарға негізделеді:

1) заңдылық - мемлекеттік қызметшілердің қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне қатаң сәйкестікте, сондай-ақ олар мүлтіксіз сақталған кезде жүзеге асырылады;

2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы - адамның және Қазақстан Республикасы азаматының Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық деп танылады және олар мемлекеттік қызметшілер тарапынан сақталуға және қорғалуға тиіс;

3) есептілік, бақылауда болу және жауапкершілік - мемлекеттік қызметшілер қоғам алдында есеп береді, жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың бақылауында болады, олардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қабылдаған шешімдерін орындауға міндетті және өздерінің қызметтік өкілеттігі шегінде өз шешімдері, әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте жауапты болады;

4) мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқық - мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сай болғанда Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқық қамтамасыз етіледі;

5) рәсімдердің ашықтығы - мемлекеттік қызметке іріктеу және мансаптық ілгерілету рәсімдері ашық, объективті болуға және Қазақстан Республикасының барлық азаматы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге тиіс;

6) меритократия - Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке іріктеу олардың кәсіптік құзыреттері, лауазымдық міндеттерін тиімді орындауы, біліктілік талаптарына сай болуы негізінде жүзеге асырылады;

7) формальды талаптарды асыра пайдалануға тыйым салу - лауазымды адамға жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын іске асырудан бас тартуға, оларды шектеуге не тоқтатуға, сондай-ақ формальды негіздер мәселені мәні бойынша қарауға кедергі келтірмесе, талаптарды тек қана осындай негіздер бойынша белгілеуге және қоюға бағытталған әрекеттерді жүзеге асыруға тыйым салынады;

8) мемлекеттік қызметшілерді кәсіби тұрғыдан дамыту үздіксіздігі - мемлекеттік қызметшінің құзыреттерін арттыру және өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді тиімді орындауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілер тұрақты негізде оқытудан өтеді;

9) құқықтық және әлеуметтік қорғалу - мемлекеттік қызметшілер еңбегіне ақы төлеу кепілдіктерімен, әлеуметтік және өтемақы төлемдерімен, зейнетақымен қамсыздандырылуымен, құқықтық қорғалуымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген материалдық, әлеуметтік және құқықтық қамтамасыз етудің өзге де түрлерімен қамтамасыз етіледі;

10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де қағидаттар.

 

5-бап. Мемлекеттік қызмет және оның біртұтастығы

1. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттің функциялары мен міндеттерінің тиімді орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың келісіп жұмыс істеу мен өзара іс-қимыл жасау тетіктерімен біріктірілген бірыңғай жүйесін құрайды.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі жүйесінің біртұтастығы мыналарға негізделеді:

1) мемлекеттің унитарлық құрылымы;

2) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне негізделген құқықтық реттеудің бірыңғай жүйесі;

3) мемлекеттік органдардың келісіп жұмыс істеуі мен өзара іс-қимыл жасауы, олардың жауапкершілігі мен есеп беруі;

4) мемлекеттік органдардың арасындағы құзыреттер мен мемлекеттік қызметшілердің арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату;

5) лауазымдық орын ауыстыруы кезінде мемлекеттік қызметші мәртебесінің сақталуы;

6) егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көздері белгіленбесе, республикалық немесе жергілікті бюджеттер қаражатының есебінен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатынан қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

3. Мемлекеттік қызмет мынадай ерекше қызмет түрлерін де қамтиды:

1) Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамасына сәйкес құқық қорғау қызметі;

2) Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес әскери қызмет;

3) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдар туралы заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет;

4) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес азаматтық қорғау органдарындағы қызмет;

5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерьлік байланыс туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік фельдъегерьлік қызмет.

 

 

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ МАҚСАТЫ ЖӘНЕ ОНЫ ӨТКЕРУ

 

6-бап. Мемлекеттік қызметтің мақсаты мен ерекшеліктері

1. Мемлекеттік қызметтің мақсаты және бір уақытта оның миссиясы - Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыру, адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруды, сондай-ақ оларға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Документ не введен в действие
Укажите название закладки
Создать новую папку
Закладка уже существует
В выбранной папке уже существует закладка на этот фрагмент. Если вы хотите создать новую закладку, выберите другую папку.
Режим открытия документов

Укажите удобный вам способ открытия документов по ссылке

Включить или выключить функцию Вы сможете в меню работы с документом

Доступ ограничен
Чтобы воспользоваться этой функцией, пожалуйста, войдите под своим аккаунтом.
Если у вас нет аккаунта, зарегистрируйтесь
Обратная связь

Уважаемый пользователь! Мы стремимся постоянно улучшать качество наших услуг. Пожалуйста, поделитесь своими предложениями — Ваше участие поможет нам стать ещё удобнее и эффективнее для Вас!