Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 20 шілдедегі № 3-3/373 бұйрығы
Осы редакция 2019 жылғы 15 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңының 13-бабының 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қосымшада беріліп отырған Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу қағидасы бекітілсін.
2. Мал шаруашылығы департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды;
3) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2012 жылғы 20 шілдедегі
№ 3-3/373 бұйрығымен бекітілген
Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) 1998 жылғы 9 шілдедегі «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы заңының 13-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленді және селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпарат қорын жүргізу тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында басшылықты және мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;