Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 14 қазандағы № 900 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2026 жылғы 14 қазандағы
№ 900 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер
1. «1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны iске асыру жөнiндегi шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1453 қаулысында:
1-тармақтың оныншы абзацы алып тасталсын.
2. «Қылмысқа қарсы күрес саласындағы ақпарат алмасу туралы келісімді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 қарашадағы № 1899 қаулысында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі көрсетілген Келісімнің 1-бабының 3-тармағына сәйкес депозитарийге Қазақстан Республикасынан оны орындау жөніндегі құзыретті органдар Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру қызметі болып табылатынын хабарласын.».