Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
(2026 ж. 28 қазан)
Қадірлі отандастар!
Құрметті Құрылтай депутаттары және Үкімет мүшелері!
Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын. Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша.
25 қазанда ұлттық мерекеміз - Республика күнін атап өттік. Осы күні Егемендік туралы декларация қабылданды. Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік.
Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек.
Биыл наурыз айында халқымыз мемлекеттігіміздің негізгі тірегін - Конституциямызды қабылдады. Бұл тұтас еліміз үшін тарихи мән-мағынасы терең оқиға болды.
Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды.
Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді. Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті.
Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Бүгін мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларыммен бөлісемін, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталамын.
Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл - алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз.
Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық.
Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет.
Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды.
Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ.
Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді.
Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл - дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс.
Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл - қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз.
Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор.
Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті.
Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек.
Бұл - ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет.
Құрметті депутаттар!
Құрметті Үкімет мүшелері!
Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды.
Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл - халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты.
Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз.
Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ.
Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет.
Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек.
Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз.
Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн.
Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс.
Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс.
Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл - «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап.
Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады.
Осы орайда әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға ерекше мән береміз. Бұған біздің күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.
Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды.
Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл - халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз.
Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл - ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты.
Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет.
Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.
Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет.
Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы - ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату.
Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.
Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап - осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл - біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Бір сөзбен айтқанда, біз осы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, өскелең ұрпақтың игілігі үшін мол қаржы қалдырумен қатар, технологиялық тұрғыдан өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі күшті экономикасы, озық инфрақұрылымы бар, өмір сүру үшін қолайлы, әр азаматтың өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат етуіміз керек.
Мұны ең басты міндетіміз, тіпті тарихи маңызы бар миссиямыз деп айтуға болады.
Бұл - адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция.
Бірақ Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек.
Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты - халықтың әл-ауқатын көтеру.
Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады.
Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады.
Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді.
Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады.
Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады.
Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек.
Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет.
Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ.
Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін.
Келесі мәселе. Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл - еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі.
Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді.
Келесі жылы елімізде «Бақты - Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады.
Тамыз айында «Арал - Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.
Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады.
Қазір әлем логистикасы ауқымды өзгерістер және қарқынды даму кезеңін бастан өткеріп жатыр.
Теңіз жолдарындағы тұрақсыз жағдай құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттыра түсті.
Қазақстан іс жүзінде Еуразиядағы жетекші логистикалық орталықтың біріне айналуы үшін осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермеуге тиіс.
Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің аумағымыз арқылы өтеді.
Алайда барға қанағат етіп, тоқмейілсіп отыру - болашақта көш соңында қалу деген сөз.
Біз халықаралық жүк тасымалы ағындарының толыққанды ұйымдастырушысы болуымыз керек.
Бұл үшін отандық логистикалық операторларды дамытып, жүктерді шоғырландырумен және бөлумен айналысатын орталықтар құруға баса назар аударған жөн.
Сондай-ақ, көлік тораптарының айналасынан жаңа өндірістер мен сауда орындарын ашу маңызды.
Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл - стратегиялық міндет.
Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе.
Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау - Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек.
Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады.
Негізгі мақсат - еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру.
Келесі жылы еліміздегі автокөлік өткізу бекеттерін түгелдей сапалы жаңғырту жұмыстары аяқталуға тиіс. Күні кешеге дейін бұл жұмыс атүсті атқарылып келді.
Алдымызда республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық жолдарды сапалы салуға қатысты аса маңызды міндет тұр.
Бұл салада мәселе аз емес. Орталық және жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы ережелер мен регламенттерді алға тартып, мәселені шешуді созбалаңға салады. Соның салдарынан мәселе қордаланғанның үстіне қордаланып, әбден тығырыққа тірелгені жасырын емес.
Сондықтан менің тапсырмама сәйкес, еліміздегі бүкіл жолдың 26 пайызын алып жатқан республикалық (орталық) және әкімдіктердің қарауындағы жергілікті жолдарға қатысты барлық мәселемен Үкімет, соның ішінде Көлік министрлігі айналысуға тиіс.
Қайталап айтамын: Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек.
Битум мен қиыршық тастардың сапасын алға тартып, сылтау айтуға жол берілмейді.
Естеріңізге салайын: қызмет көрсетуге арналған заманауи инфрақұрылымы бар сапалы жолдар болмаса, Қазақстан жаһандық деңгейдегі транзиттік аймаққа, яғни Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айнала алмайды. Бұл жұмыстардың түпкі мәні - осында. Біз бұл міндетті қалайда орындауымыз керек.
Егер шекарамыз көлік қозғалысын тежеп, ұзын-сонар кептеліс туындататын «тар өткелге» айналса, Қазақстан бұл салада көшбасшы болады деп айтудың өзі орынсыз. Қазір осы күйді кешіп отырғанымыз жасырын емес.
Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын негізгі әуе дәліздері еліміздің аумағы арқылы өтеді.
Бұл - біздің бәсекеге қабілетімізді арттыра алатын басымдығымыз. Алайда, осы артықшылығымыз әзірге қағаз бетіндегі әсерлі есеп күйінде ғана қалып отыр.
Осы басымдығымызды тиімді пайдалану үшін жерде қызмет көрсетуге арналған озық инфрақұрылым құру қажет. Бұл - әлемде бар тәжірибе. Ал, әзірге қыруар табыс уысымыздан шығып кетіп жатыр.
Жеке «Air Cargo» компаниясына зор үміт артылды. Бұл компанияның қаржылық әлеуеті зор. Шетелдің үздік мамандарына жалақы төлеуге де мүмкіндігі мол. Дербес шешім қабылдай алады. Дегенмен, әзірге қабылданған шешім де, нақты нәтиже де жоқ.
Сіздерге зор сенім артылып отыр. Енді нәтиже күтеміз.
Қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған.
Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады.
Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз.
Қазақстан Еуразияның негізгі көлік хабы болуы үшін көптеген маңызды міндетті орындауға тиіс. Бірінші кезекте көлік саласын, соның ішінде халықаралық бағыттарды толық цифрландыру қажет.
Жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзит ағындарын қағаз жүзінде басқару - ақылға қонымсыз іс. Бұл - құрдымға апаратын ең төте жол.
Қазіргі жағдайда қуат көзінің жеткілікті деңгейде болуы әр мемлекеттің бәсекеге қабілетін, тіпті экономикалық дербестігін айқындайтын шешуші факторға айналды.
Осы кезеңді шын мәнінде «электр дәуірі» деп айтуға болады. Қазақстан өзінің шикізаттық артықшылығын энергетикалық және технологиялық тұрғыдан өрлеу үшін пайдалануға тиіс. Бұл - айрықша маңызды міндет.
Ашығын айтсақ, бұл тұста қордаланған мәселе өте көп.
Білікті энергетик мамандарымыз саусақпен санарлық. Есесіне, энергетика саласындағы түйткілдерге арналған форумдар мен пікірталастар жиі әрі кең ауқымда өткізіледі.
Алайда Қазақстан жыл сайын энергияның елеулі тапшылығымен бетпе-бет келіп жатады. Соның салдарынан, қыс мезгілінде, яғни электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңде көрші елдерден қуат көзін қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрміз. Ал жаз айларында өзге елдерге энергияны тым төмен бағамен сатамыз.
Осындай құйтырқы әрекет ондаған жылдан бері жалғасып келеді. Маған мұны энергетика саласындағы қалыпты жағдай деп түсіндіріп бағуда.
Кезінде Балқаштағы ЖЭО құрылысының аяқталмай қалуына да осы жайт себеп болды.
Қазір де Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұздағы жаңа генерация қуаттарын іске қосу мерзімдері кейінге шегеріліп жатыр.
Қазақстан бүгінде сағатына 123 миллиард киловатт электр энергиясын өндіреді.
Қуат көзінің мұндай көлемі өнеркәсіп пен құрылыс саласын, ауыл шарушылығы кешендерін қарқынды дамытып жатқан, ең бастысы, экономиканы жаппай цифрландыруды, жасанды интеллектіні қоғамның барлық саласына енгізуді және осыған байланысты деректерді өңдеу орталықтарын салуды жоспарлап отырған ел үшін мүлдем жеткіліксіз.
Сондықтан еліміз 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек. Бұл - біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндет.
Сол үшін жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңғыртуға тиіспіз.
Сонымен қатар «таза» көмір генерациясын толыққанды дамытып, жаңартылатын қуат көздерін өндіру ісіне, соның ішінде күн электр станцияларын кеңінен қолдануға баса мән беруіміз керек.
Жалпы, Үкімет 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімге арналған бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарауға тиіс.
Бұл орайда атом генерациясының маңызы айрықша. Жалпы ұлттық референдумның нәтижесінде елімізде бірнеше атом электр станциясын салу туралы дұрыс шешім қабылданды.
Бұл станцияларды елу жылдан кейін, тіпті, одан арғы уақытта уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді қазірден бастап ойластыруымыз керек.
Қазақстандағы атом электр станцияларының қажеттілігін өтеу үшін уранның алдағы жүз жылға жететін мемлекеттік стратегиялық қорын құру жөніндегі ұсыныс өте орынды. Бұл бастаманы жан-жақты пысықтау қажет деп санаймын.
АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту маңызды. Ресей мен Қытай компанияларынан осындай ұсыныстар түсіп жатыр.
Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауға болады. Тіпті, бастауымыз қажет деп санаймын. Сондай-ақ, «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын мүмкіндігінше тезірек бастау үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған жөн.
Әрине, келіссөздердің әр тармағы Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият пысықталып, жан-жақты келісілуі керек.
Жалпы, азаматтық инфрақұрылымды жаппай жаңғырту және қайта құру ісіне бүкіл ел болып кірісетін боламыз.
Дегенмен мұндай маңызды стратегиялық міндетті орындау кезінде тек мемлекеттің ресурсына арқа сүйеуге мүлдем болмайды.
Бұл кәсіпкерлердің белсенділігін төмендетіп, патернализмге (соның ішінде экономикадағы), яғни масылдыққа әкеп соғады. Оның салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті деп ойлаймын.
Үкіметтің алдында ұзақмерзімді қаражат көздерінің барлығын жұмылдыру міндеті тұр.
Мұны заң талаптарын бұзбай әрі мемлекет мүддесіне сай қалай жүзеге асыруға болатынын қаржы қауымдастығымен бірлесіп, жан-жақты ойластырған жөн.
Қабылданатын шешімдер қарапайым қисынға негізделеді: мемлекет қаражаты жеке инвестиция тартуға кепіл болуы керек.
Бұған қоса, еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуына қажетті тетіктерді әзірлеу керек.
Қазақстан - минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл - біз үшін стратегиялық жетістік.
Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек.
Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн.
Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет.
Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс.
Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн. Бұл - Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет.
Сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйенсек, ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болып жатыр.
Түпкі мақсат - елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек.
Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс.
Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн.
Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз.
Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ.
Мекемеаралық байланысты нығайтпасақ, экономикамыз өз әлеуетін жоғалтып алады. Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек.
Осы мәселе бойынша Үкіметтің үйлестіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет екені анық. Бірақ аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі саланы дамыта отырып, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды.
Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн.
«Халықтық құрылыс» әр аймақта осындай жүйе, яғни қазіргі тілмен айтсақ, экожүйе құруға оң ықпал ететініне сенім бар.
Келесі мәселе. Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет.
Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті.
Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды.
Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр.
Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек.
Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет.
«Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек.