Введите номер документа
Прайс-лист

Қазақстан Республикасының Конституциясының жобасы (12 ақпан 2026 ж.)

Информация о документе
Датачетверг, 12 февраля 2026
Статус
Действующийвведен в действие с
Дата последнего изменениячетверг, 12 февраля 2026

ЖОБА

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ

 

 

І бөлім Конституциялық құрылыс негіздері (1 - 11-баптар)

II бөлім Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер (12 - 41-баптар)

III бөлім Президент (42 - 51-баптар)

IV бөлім Құрылтай (52 - 62-баптар)

V бөлім Үкімет (63 - 69-баптар)

VI бөлім Қазақстан Халық Кеңесі (70 - 71-баптар)

VII бөлім Конституциялық Сот (72 - 75-баптар)

VIII бөлім Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері (76 - 86-баптар)

IX бөлім Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару (87 - 91-баптар)

X бөлім Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу (92 - 93-баптар)

XI бөлім Қорытынды және өтпелі ережелер (94 - 96-баптар)

 

 

 

Біз, біртұтас Қазақстан халқы,

байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып,

Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап,

мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап,

Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып,

адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп,

бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп,

мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып,

табиғатты аялау қажеттігін мойындап,

бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып,

келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп,

Қазақстан Республикасының Ата Заңын - осы Конституцияны қабылдаймыз.

 

 

І бөлім

Конституциялық құрылыс негіздері

 

1-бап

Қазақстан Республикасы - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы - адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

 

2-бап

1. Қазақстан Республикасы - унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі - президенттік республика.

2. Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз етеді.

3. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңда айқындалады.

4. Қазақстан Республикасының елордасы - Астана қаласы. Елорда мәртебесі конституциялық заңда айқындалады.

5. Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атауларының мәні бірдей.

6. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) - теңге.

Теңгені эмиссиялау айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі.

7. Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.

 

3-бап

1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.

2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды.

 

4-бап

1. Қазақстан халқы - мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі.

2. Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.

3. Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кету заңмен қудаланады. Халық пен мемлекет атынан әрекет ету құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, сондай-ақ конституциялық өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына тиесілі. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттік шегінде мемлекет атынан әрекет етеді.

4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас, ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну және өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады.

 

5-бап

1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы - Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары.

2. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады.

3. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқындалады.

4. Барлық заңдар мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы - оларды қолданудың міндетті шарты.

5. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.

Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.

Жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, онда жаңа заң қолданылады.

6. Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін.

 

6-бап

1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық танылады.

2. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейді. Мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейді.

3. Мақсаты немесе әрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын және қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға және оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады.

4. Басқа мемлекеттің саяси партиясы мен кәсіптік одағының, діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді, сондай-ақ саяси партия мен кәсіптік одақты шетелдік заңды тұлғаның, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамның, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаның, шет мемлекет пен халықаралық ұйымның қаржыландыруына жол берілмейді.

5. Коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғадан, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамнан алатын ақша қаражатының қозғалысы және активтері туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ашық әрі қолжетімді болуға тиіс.

 

7-бап

1. Дін мемлекеттен бөлек.

2. Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.

 

8-бап

1. Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады.

2. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай келуге, қоршаған ортаны қорғау саласындағы белгіленген талаптар сақталып іске асырылуға тиіс, басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің құқықтарының көлемі мен шегі, оларды қорғау кепілдіктері заңда айқындалады.

3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

 

9-бап

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі.

2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.

3. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді.

 

10-бап

Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты, олардың ішкі ісіне араласпауды, халықаралық дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді.

 

11-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді.

 

 

II бөлім

Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер

 

12-бап

1. Әр адамның құқық субъектісі ретінде танылуға құқығы бар.

Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы.

2. Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.

3. Қазақстан Республикасында заңға сәйкес білікті заң көмегін алу құқығы танылады.

 

13-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бірыңғай және тең.

2. Қазақстан Республикасының азаматын өз азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол беріледі.

3. Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Шет мемлекетте туғанына байланысты сол мемлекеттің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаға қатысты заңда көзделген ережелер қолданылады.

 

14-бап

1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматы шет мемлекетке берілмейді.

2. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепілдік береді.

 

15-бап

1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.

2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі, олар ажыратуға және айыруға болмайтын деп танылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады.

3. Қазақстан Республикасы азаматының өз азаматтығына орай құқықтары мен міндеттері бар.

4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайда шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматы үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.

5. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиіс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге тиіс.

6. Әр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар.

 

16-бап

1. Заң мен сот алдында бәрі тең.

2. Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге болмайды.

 

17-бап

1. Өмір сүру құқығы - әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы.

2. Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ.

3. Өлім жазасына тыйым салынған.

 

18-бап

1. Әр адамға жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығына кепілдік беріледі.

2. Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды.

Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі және оған шағым жасау құқығы беріледі.

3. Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі.

4. Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегін пайдалануға құқығы бар.

 

19-бап

1. Заңды күшіне енген сот үкімімен адам кінәлі деп танылмайынша, ол жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі емес деп саналады.

2. Ешкім өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.

Діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдарға қарсы куәлік етуге міндетті емес.

3. Адамды дәл сол құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салынады.

 

20-бап

1. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады.

2. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездік көрсетіп немесе адамның қадір-қасиетін қорлап жәбірлеуге не жазалауға болмайды.

 

21-бап

1. Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.

2. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдары, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі.

3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжатпен, шешіммен және ақпарат көзімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

 

22-бап

1. Әр адам өзінің қай ұлтқа жататынын айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы.

2. Әр адамның ана тілі мен төл мәдениетін қолдануға, қарым-қатынас жасау, тәрбие беру, оқу мен шығармашылық тілін еркін таңдауға құқығы бар.

 

23-бап

1. Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі.

2. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.

3. Мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу және тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңда айқындалады.

4. Сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.

5. Цензураға тыйым салынады.

6. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумағының тұтастығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға, сондай-ақ осындай әрекеттерге шақыруға жол берілмейді.

 

24-бап

1. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.

2. Әр адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен жол беріледі. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергісіз оралуға құқығы бар.

 

25-бап

1. Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын пайдалану жалпыадамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы міндеттерді шектемеуге тиіс.

 

26-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлестік құру бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бірлестік қызметі заңмен реттеледі.

2. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты және өзге де соттары төрағалары мен судьяларының, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палатасы төрағалары мен мүшелерінің, құқық қорғау органы және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері мен жұмыскерлерінің, әскери қызметшілердің саяси партия мен кәсіптік одақта болуға, қандай да бір саяси партияға немесе қоғамдық-саяси қозғалысқа қолдау көрсетуге не сыни пікір білдіруге құқығы жоқ.

 

27-бап

1. Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Еңбекке мәжбүрлеп тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында жол беріледі.

2. Қазақстан Республикасы қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алу, сондай-ақ әлеуметтік қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік береді.

3. Заңда белгіленген тәсілдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.

4. Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндері, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепілдік беріледі.

 

28-бап

1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны қарап-тексеруге, тінтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен жол беріледі.

2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үй соған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетілген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сәйкес беріледі.

 

29-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншік құқығы бар.

2. Меншікке және мұрагерлік құқыққа заңмен кепілдік беріледі.

3. Сот шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мемлекет мұқтажы үшін мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі.

4. Қазақстан Республикасы кәсіпкерлік қызмет бостандығы құқығына, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистік қызмет заңмен реттеледі немесе шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

 

30-бап

1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.

2. Неке - ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.

3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.

4. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.

 

31-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепілдік беріледі, сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беріледі.

2. Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, өзге де әлеуметтік қамсыздандыру нысандары, волонтерлік қызмет пен қайырымдылық қолдау табады.

 

32-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгіленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы.

3. Мемлекеттік және жекеменшік емдеу мекемелерінде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғалардан ақылы медициналық көмек алу заңда белгіленген негіздерде және көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

33-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепілдік беріледі. Бастауыш және негізгі орта білім міндетті.

2. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығы бар.

3. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгіленген негіздерде және көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейді. Барлық оқу орнының қызметі осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс.

5. Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.

 

34-бап

Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбіт жиналысқа құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін.

 

35-бап

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініш жолдауға құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар. Жалпыхалықтық референдум өткізу тәртібі конституциялық заңда айқындалады.

3. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ.

4. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар заңға сәйкес лауазымдық міндетінің сипатына ғана қатысты болады.

 

36-бап

1. Әр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

2. Әр адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.

 

37-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.

2. Мемлекет адамның өмір сүруіне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.

Укажите название закладки
Создать новую папку
Закладка уже существует
В выбранной папке уже существует закладка на этот фрагмент. Если вы хотите создать новую закладку, выберите другую папку.
Скачать в Word

Скачать документ в формате .docx

Доступ ограничен
Чтобы воспользоваться этой функцией, пожалуйста, войдите под своим аккаунтом.
Если у вас нет аккаунта, зарегистрируйтесь
Режим открытия документов

Укажите удобный вам способ открытия документов по ссылке

Включить или выключить функцию Вы сможете в меню работы с документом

Обратная связь
Оставьте свои контактные данные и наш менеджер свяжется с вами