Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу жөніндегі «ДосболLIКЕ» бағдарламасын сынақтан өткізудің кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 1 наурыздағы № 52 бұйрығы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамыздағы № 748 қаулысымен бекітілген Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды орындау үшін БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу жөніндегі «ДосболLIKE» бағдарламасын (бұдан әрі - Бағдарлама) сынақтан өткізуге арналған іс-шаралар жоспары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 2025 жылғы 30 маусымға дейін Бағдарламаны сынақтан өткізуге арналған орта білім беру ұйымдарының тізімі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті (Н.Ж. Оспанова) осы бұйрықты Астана, Алматы қалалары, Абай, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Ұлытау, облыстары білім басқармаларының (бұдан әрі - Білім басқармалары) назарына жеткізсін.
3. Білім басқармалары (келісім бойынша):
1) Бағдарламаны сынақтан өткізуді ұйымдастыруға және жүргізуге жауапты адамдарды айқындасын;
2) тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші жұмыс күні, «Өркен» балалардың әл-ауқатын артыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» КеАҚ-ға (бұдан әрі - «Өркен» КеАҚ) Бағдарламаның сынақтан өткізілу барысы туралы есеп жіберсін.
4. «Өркен» КеАҚ (Е.Н. Иманғалиев):
1) Бағдарламаны сынықтан өткізудің әдістемелік сүйемелдеуін қамтамасыз етсін;
2) жылына екі рет жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 10 қаңтарда және 10 шілдеде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне Бағдарламаның сынақтан өткізілу барысы туралы жиынтық ақпарат жіберсін.