Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2025 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 477 бұйрығына
6-қосымша
«Ашытқы өндіру» кәсіптік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Ашытқы өндіру» кәсіптік стандарты «Кәсіби біліктіліктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген және технологиялық процестің шикізатты дайындау және ашытқы дақылдарын өсіруден бастап дайын өнімді кептіру, орап-қаптау және сапасын бақылауға дейінгі барлық сатыларын қоса алғанда ашытқы өндірумен айналысатын жұмыскерлердің жұмысын ұйымдастыру және кәсіби біліктілігі саласында қолданылады.Бұл стандарт мамандардың біліктілігіне, олардың кәсіби міндеттеріне, құқықтарына қойылатын талаптарды белгілейді, сондай-ақ өндірістік міндеттемелердің тиімді орындалуын қамтамасыз етуге қажетті білімді, машықтар мен дағдыларды сипаттайды. Стандарт ашытқы өндірудің сапасын, тиімділігін және қауіпсіздігін арттыруға, сала жұмыскерлерінің кәсіби біліктілігін дамытуға және инновациялық технологияларды енгізуге жағдайлар жасауға бағытталған, бұл Қазақстанда отандық тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының бәсекеге қабылеттілігін нығайтуға және экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) Ақаулы меласса - ашытқы өндірісіне жарамсыз;
2) Ашытқы - саңырауқұлақтар патшалығына жататын тірі бір жасушалы организмдер. Олар оттегінің арқасында өмір сүреді және көбейеді, бірақ сонымен бірге ауаға қол жетімділігі шектеулі ортада өмір сүруге бейімделе алады. Ашытқы: престелген; белсенді құрғақ; тез әсер ететін құрғақ; сыра; шарап болып бөлінеді;
3) Ашытқыны өсіру - бұл ашытқы жасушаларының көбею процесі, мұнда қоректік ортаға себілген жасушалардың аз санынан біртіндеп, бірқатар дәйекті кезеңдер арқылы, ең алдымен нан пісіру өнеркәсібінде қолданылатын ашытқының көп мөлшері алынады;
4) Дағды - кәсіби міндетті толық орындауға мүмкіндік беретін білім мен дағдыларды қолдану қабілеті;