ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
2026.09.01. № 256-VIII ҚР Заңын қараңыз (2026 ж. 11 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2024 жылғы 29 шілдедегі № 105-ө Өкімін қараңыз
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
3-бап. Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы
4-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары мен міндеттері
5-бап. Осы Заңның негізгі қағидаттары
2-тарау. АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚҰЗЫРЕТІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
6-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың және өзге де мемлекеттік органдардың адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы міндеттері
7-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
8-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы құзыреті
9-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы құзыреті
10-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерінің құзыреті
11-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссиялардың құзыреті
12-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негіздері
3-тарау. АДАМ САУДАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ, ОЛАРДЫ АНЫҚТАУ, ЖОЛЫН КЕСУ, АШУ ЖӘНЕ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ
13-бап. Адам саудасының алдын алу жөніндегі шаралар
14-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалау
15-бап. Адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау, олардың жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру
4-тарау. АДАМ САУДАСЫ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ
16-бап. Адам саудасының құрбанын сәйкестендіру және оның мәртебесі
17-бап. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адамның құқықтары мен міндеттері
18-бап. Адам саудасы құрбандарын қайта бағыттау
19-бап. Адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасының азаматтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, Қазақстан Республикасы таныған босқындарды және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды қайтару
20-бап. Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қайтару
5-тарау. АДАМ САУДАСЫНЫҢ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ
21-бап. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбандарының құқықтарын қорғау
22-бап. Кәмелетке толмағандар саудасының алдын алу
23-бап. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбанын қайтару немесе орналастыру
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
24-бап. Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адам саудасы - адамды, оның ішінде кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оларға қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не қанау мақсатында азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ өзге де іс-әрекеттерді жасау, оның ішінде күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру немесе өзге де мәжбүрлеу тәсілдерін қолдану, алдау немесе сенімді теріс пайдалану, қызмет бабын, материалдық немесе өзге де тәуелділікті пайдалану арқылы жасау;
2) адам саудасына қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесі - адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасы құрбандарына көмек көрсету, олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау жөніндегі қызметінің жиынтығы;
3) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар (бұдан әрі - уәкілетті мемлекеттік органдар) - ішкі істер органдары және халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері - уәкілетті мемлекеттік органдар, өз құзыреті шегінде адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары, коммерциялық емес ұйымдар, туристік қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ еңбек делдалдығын көрсететін жеке немесе заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген халықаралық ұйымдар;
5) адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер - арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларда жұмыспен қамтылған және бюджет қаражатынан қаржыландырылатын заңды тұлғалар;
6) адам саудасының құрбандарын оңалту - құрбанның психологиялық және (немесе) тәндік жай-күйін нұқсан келтірілгеннің алдындағы жай-күйге дейін қалпына келтіру жөніндегі әрекеттер;
7) адам саудасының құрбаны - адам саудасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру фактісінің бар-жоғына қарамастан, адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адам, сол сияқты Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес адам саудасына байланысты қылмыстардан жәбірленуші деп танылған адам;
8) адам саудасының құрбанын сәйкестендіру - адамды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасының құрбаны деп тану рәсімі;
9) адам саудасының ықтимал құрбаны - өзіне қатысты адам саудасына байланысты қылмыстар жасауға жағдайлар туғызатын, материалдық, психологиялық немесе өзге де тәуелділігі, кәмелетке толмауы немесе егде жаста болуы, жетімдігі немесе ата-ана қамқорлығының болмауы, мүгедектігі, психикалық және өзгедей ауруы, психикаға белсенді әсер ететін заттарды шамадан тыс пайдалануы, жұмыссыздығы, баспанасыздығы (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар), реттелмеген құқықтық мәртебесі салдарынан болатын осал жағдайдағы адам, сондай-ақ адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендіруден өткенге дейін адам саудасының болжамды (болуы мүмкін) құрбаны.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын не уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасы аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
4-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары мен міндеттері
1. Осы Заңның негізгі мақсаттары адам саудасы құрбандарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау болып табылады.
2. Осы Заңның негізгі міндеттері:
1) адам саудасына қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесінің қызметін ұйымдастыру және үйлестіру;
2) адам саудасы құрбандарына көмек көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу;
4) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту;
5) адам саудасына қарсы іс-қимыл және өзінің халықаралық міндеттемелерін орындау жөніндегі халықаралық ынтымақтастықтың ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін құру.
5-бап. Осы Заңның негізгі қағидаттары
Осы Заңның негізгі қағидаттары:
1) заңдылық;
2) ізгілік;
3) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің және қорғаудың басымдығы;
4) алдын алу шараларының басымдығы;
5) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің бірлескен күш-жігерімен адам саудасына қарсы іс-қимылдың кешенділігі, жүйелілігі, үздіксіздігі;
6) адам саудасына байланысты қылмыстарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы;
7) адам саудасының құрбандарын кемсітуге, оның ішінде гендерлік тәсіл және балалардың мүдделері, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға көмек көрсету мәселелері бойынша кемсітуге жол бермеу;
8) адам саудасының құрбаны мәртебесін белгілеуге мүмкіндік беретін адам туралы ақпараттың және мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету.
2-тарау. АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚҰЗЫРЕТІ,
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
6-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың және өзге де мемлекеттік органдардың адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы міндеттері
Уәкілетті мемлекеттік органдардың міндеттері адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру болып табылады.
7-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде:
1) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіреді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды;
3) адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жоспарлау, ұйымдастыру және іске асыру жөніндегі, оның ішінде адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлердің алдын алу, оларды бағалау, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттау жөніндегі жұмысты үйлестіреді және жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу және ашу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау, болғызбау, олардың жолын кесу және ашу саласындағы заңнамасын қолдану практикасын жинақтайды, сондай-ақ оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;
6) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметкерлерін даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
7) адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыру процесінде адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді;
8) жұртшылықты адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің нәтижелері туралы хабардар етеді;
9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган өз құзыреті шегінде:
1) адам саудасы құрбандарын әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіреді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды;
3) адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жоспарлау, ұйымдастыру және іске асыру жөніндегі, оның ішінде адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлердің алдын алу, оларды бағалау, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттау жөніндегі жұмысты үйлестіреді және жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасы құрбандарын әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының адам саудасы құрбандарын әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы заңнамасын қолдану практикасын жинақтайды, сондай-ақ оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;
6) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметкерлерін даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
7) адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыру процесінде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді;
8) жұртшылықты адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің нәтижелері туралы хабардар етеді;
9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы құзыреті
1. Өз құзыреті шегінде адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар:
1) адам саудасының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауға және оларды барынша азайту бойынша ұсыныстар енгізуге қатысады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттауға қатысады;
4) ішкі істер органдарын өздеріне белгілі болған дайындалып жатқан не жасалған, адам саудасына байланысты қылмыс фактілері туралы хабардар етеді;
5) жұртшылықты адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің нәтижелері туралы хабардар етеді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген құзыреттерден басқа:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өз құзыреті шегінде:
Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына азаматтарды қорғауға және шекаралық кеңістікте Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуына жәрдемдеседі;
басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысады;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
адам саудасы құрбандарына денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын медициналық көрсетілетін қызметтер тізбесіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну жөніндегі жұмысты үйлестіреді;
басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысады;
3) білім беру саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
оқу-тәрбие процесі шеңберінде білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің адам саудасының алдын алу мәселелері бойынша білімін, машықтары мен дағдыларын қалыптастырады;
басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысады;
4) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағдарын іске асыруды қамтамасыз етеді;
шет елде адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді;
шет елде адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасының азаматтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, Қазақстан Республикасы таныған босқындарды және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды тиісті құжаттармен қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасына қайтару жөніндегі шараларды қабылдайды;
5) туристік қызмет саласында мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган өз құзыреті шегінде басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысады;
6) масс-медиа саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
масс-медиада адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы құқықтық насихатты қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;
адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін масс-медиада жариялауға ықпал етеді.
9-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:
1) адам саудасының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауға және оларды барынша азайту бойынша ұсыныстар енгізуге қатысады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттауға қатысады;
4) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің жұмыскерлерін даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
5) коммерциялық емес ұйымдармен адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру арқылы ұйымдастырады;
6) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбандары ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алу үшін ұзарту мүмкіндігімен, бірақ үш айдан асырмай, алты айға дейінгі мерзімге уақытша тұруға рұқсатты ресімдеу үшін ішкі істер органдарына өтінішхат жолдайды;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
10-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерінің құзыреті
1. Денсаулық сақтау ұйымдары:
1) адам саудасының сәйкестендірілген құрбандарына денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын медициналық көрсетілетін қызметтер тізбесіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсынады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Білім беру ұйымдары:
1) адам саудасының кәмелетке толмаған құрбандарына Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Коммерциялық емес ұйымдар:
1) адам саудасының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдайды;
2) халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауға және оларды барынша азайту бойынша ұсыныстар енгізуге қатысады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттауға қатысады;
4) ішкі істер органдарын адам саудасы құрбандарының жүгіну фактілері туралы хабардар етеді;
5) адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен өзара іс-қимыл жасайды;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес адам саудасы құрбандарын сәйкестендіруді жүзеге асырады;
7) адам саудасы құрбандарына Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынады;
8) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбандары ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алу үшін ұзарту мүмкіндігімен, бірақ үш айдан асырмай, алты айға дейінгі мерзімге уақытша тұруға рұқсатты ресімдеу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына өтінішхатпен жүгінеді;
9) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктерді өздері азаматы болып табылатын елге қайтаруға жәрдемдеседі;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.
Адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) - 8) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асырады.
4. Мынадай:
1) туристік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына сәйкес туризмді заңсыз көші-қон мен үшінші елдерге транзит, сексуалдық, еңбекпен және өзгедей қанау мақсаттарында пайдалануды болғызбауға бағытталған ақпараттық шараларды қабылдайды;
2) еңбек делдалдығын көрсететін жеке және заңды тұлғалар бала еңбегін пайдалануға, адамдарды сексуалдық және (немесе) өзгедей қанау үшін азғырып көндіруге жол бермейді, жүгінген адамдарға халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша консультация береді, бос жұмыс орындары бар жұмыс берушілер және жұмысқа орналасуға ниет білдірген адамдар туралы мәліметтерді қалыптастырады, жүгінген адамдарды кейіннен жұмысқа орналастырумен кәсіптік даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.
11-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссиялардың құзыреті
1. Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия уәкілетті мемлекеттік органдардың жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының жанындағы консультативтік-кеңесші органдар болып табылады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмыс органы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелері адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмыс органдары болып табылады.
3. Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметін үйлестіреді.