Қазақстан Республикасы Үкiметiнің және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің, оның ішінде мемлекеттiк концессиялық мiндеттемелерiнiң лимиттерiн айқындау әдiстемесiн бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 қарашадағы № 731 бұйрығы
(2020.10.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2023 жылғы 19 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 160-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкiметiнің және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерінің, оның ішінде мемлекеттiк концессиялық мiндеттемелерiнiң лимиттерін айқындау әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмесін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
3. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелерінің лимиттерін айқындау әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 121 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9989 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.