Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 520 Қаулысы
(2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 11-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 30 маусымдағы
№ 520 қаулысымен
бекітілген
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі - Әлеуметтік кодекс) 11-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
ҚР Үкіметінің 2024.27.03. № 228 Қаулысымен (2024 ж. 8 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.06.08. № 628 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры - зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті, сондай-ақ Әлеуметтік кодексте айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға;