Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 19 қазандағы № 928 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2023 жылғы 19 қазандағы
№ 928 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер
1. «Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 қаңтардағы № 64 қаулысында:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.»;
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Әлеуметтік оңалу үшін зардап шегуші немесе оның атынан әрекет ететін жақын туысы (заңды өкілі) терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіретін уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық органына (бұдан әрі - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы) зардап шегушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмiрi (ЖСН), тұрғылықты мекенжайы және өзі қалайтын әлеуметтік оңалтудың түрі көрсетілген өтінішпен жүгінеді.».