Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 шілдедегі № 551 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 18-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, бұл ретте Қағидалардың 30-тармағының 3) тармақшасы 2025 жылғы 31 желтоқсанды қамтитын мерзімге дейін қолданылады.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 21 шiлдедегi
№ 551 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі (бұдан әрі - Бюджет кодексі) 18-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар резервтерінің қатаң нысаналы мақсаты болады, Бюджет кодексінің 20-бабында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтен бюджет қаражатын бөлу туралы қаулыларында көзделген мұқтаждыққа бөлінеді және пайдаланылады.