«Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 сәуірдегі № 347 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) аудандық уәкілетті орган - аудандық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілеттік берілген, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
2) даму жоспары - мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам мен акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестік қызметінің бесжылдық кезеңге арналған негізгі бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;
3) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлік жөніндегі уәкілетті органы - аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;
1-тармақтың сегізінші абзацы 2026 ж. 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
4) мемлекеттік мүлік тізілімі (бұдан әрі - тізілім) - Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жедел басқаруындағы мүлікті және мемлекеттік материалдық резервті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай цифрлық автоматтандырылған жүйесі;