Авиациялық персоналдың шетел мемлекеттері берген куәліктерін тану ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2010 жылғы 28 қарашадағы № 546 бұйрығы
(2013.24.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2019 жылғы 16 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 55-бабының 2-тармағына сәйкес, авиациялық персоналдың шетел мемлекеттері берген куәліктерін тану мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Авиациялық персоналдың шетел мемлекеттері берген куәліктерін тану ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі Е.С. Дүйсенбаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің 2010 жылғы
28 қарашадағы № 546
бұйрығымен бекітілген
Авиациялық персоналдың шетел мемлекеттері берген куәліктерін тану
ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Авиациялық персоналдың шетел мемлекеттері берген куәліктерін тану ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияның 1-қосымшасына сәйкес әзірленген (Чикаго, 1944 жылғы 7 желтоқсан).
2. Осы Ереже шет мемлекеттері берген авиациялық персоналдың куәліктерін тану тәртібін және шарттарын белгілейді.